Астанада 10 жас ғалымға пәтер табысталды

Не болды?

Астанада жас 10 ғалымға пәтер сертификаты берілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевке «Құрмет» ордені табысталды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлап отыр.

Мәлімет

2024 жылғы 31 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру керек деген тапсырма берген еді. Осыған орай арнайы комиссия құрылып, Астана қаласындағы ғылыми ұйымдар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы жас ғалымдарының тізімі анықталған. Сол тізімге сәйкес 10 жас ғалымға пәтер сертификаттары салтанатты түрде берілді.

Былтырдан бастап ғылыми ұйым қызметкерлерінің жалақысы артты. Ғылыми тағылымдамаларға грант, мемлекеттік стипендия мен сыйлықақы беріледі. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдануы, президент жарлығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы бұл саланың дамуына серпін берді, – деді министр Саясат Нұрбек.

2023 жылы министрлік пен «Отбасы банк» АҚ жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы туралы келісімге қол қойды. Бұл бағдарлама бойынша 483 жас ғалым жеңілдікпен баспана алған. Ал 104 жас зерттеушіге өтеусіз негізде баспана берілген.

Контекст

Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 8 ақпанда ғылым және жоғары білім министрлігі 17 жас ғалымға пәтер сертификатын табыстаған еді.