Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкімет отырысында 2026 жылы Италияда өтетін XXV қысқы олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындығы туралы баяндады.
XXV қысқы олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысады деп күтіліп жатыр. Олимпиада барысында 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика түрлерінен спортшыларымыз өнер көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жыл,ы 6 ақпанында Милан қаласында өтсе, жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылады. Олимпиада бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарыстарымен басталып, соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстармен аяқталады.
Болжам бойынша, ұлттық құраманың сапында 35-ке жуық спортшы бақ сынайды. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы олимпиада ойындарында еліміздің атынан 34 спортшы қатысқан еді. Қазіргі таңда мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың екі жеке ресми олимпиада лицензиясы бар. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар шорт-тректен тоғыз, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды, — деді Ербол Мырзабосынов.
