Жүргізушілерге ескерту: бірқатар бағытта қозғалыс шектелді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет таратты.

Ұлттық компанияның хабарлауынша, 2025 жылғы 29 желтоқсан сағат 08:00-ден бастап бірқатар өңірлерде жол қозғалысы қайта жанданды. Атап айтқанда, Атырау облысында «Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау — РФ шекарасы» автожолының Ақтөбе облысының шекарасынан өтетін 337-шақырымы ашылды.

Ақтөбе облысында «Қостанай — Рудный — Денисовка — Комсомольское — Қарабұтақ» автожолының Қарабұтақ кентінен Қостанай облысының шекарасына дейінгі 5–234 шақырым аралығы қолданысқа берілді. Ал Қостанай облысында осы бағыттағы автожолдың 234–310 шақырымындағы (Ақтөбе облысының шекарасы — Адаевка ауылы) қозғалысқа рұқсат етілді.

Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірлерде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Ақтөбе облысында «Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау — РФ шекарасы» автожолының 104–337 шақырым аралығында, сондай-ақ республиканы бойлай өтетін халықаралық бағыттағы жолдың Ақтөбе мен Қызылорда облыстары шекарасына дейінгі бөлігінде қозғалыс уақытша шектелді.

Қызылорда облысында да осы халықаралық трассаның 1240–1362 шақырымындағы (Ақтөбе облысының шекарасы — Арал қаласы) жүк және қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынды.

Шығыс Қазақстан өңірінде Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Бұл шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46–66 шақырымында қыс маусымы аяқталғанға дейін сақталады.

Ал қолайсыз ауа райына байланысты кей жолдар толықтай жабылды. Атырау және Маңғыстау облыстарында «Доссор — Құлсары — Бейнеу — Сайөтес — Шетпе — Жетібай — Ақтау» автожолының 130–632 шақырым аралығы жабық. Жетісу облысында «Үшарал — Достық» автожолының 84–164 шақырымында да көлік қозғалысы тоқтатылды.

Сондай-ақ Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығында көпір құрылымының зақымдануына байланысты Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабылды.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеріп, жол жағдайы туралы ресми ақпаратты тұрақты түрде бақылауға шақырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да