Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін: ТЖМ ескерту жасады

Алматы тауларында қарлы боран салдарынан қар көшкіні жүру қаупі сақталып отыр. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, Іле Алатауы жотасындағы көшкін қаупі бар учаскелерді анықтау мақсатында әуеден визуалды шолу жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде таулы аймақтарда қардың жиналу процесі әлі де жалғасып жатқаны белгілі болды.

Қардың боранға ұласуына байланысты жекелеген қауіпті учаскелерде қар көшкіні жүруі мүмкін, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда 13 жерүсті зерттеуі жүргізіліп, көшкін қаупі бар аумақтарда 30 ескерту қалқаны орнатылған. Сонымен қатар тұрғындар мен демалушыларға арналған 58 хабарлама-ұсыныс таратылып, 556 дана «Абайлаңыз, көшкін!», «Абайлаңыз, сең жүруі мүмкін!» деген ақпараттық брошюралар үлестірілген.

Қар көшкіні қаупі күшейген жағдайда қауіпті аймақтарға адамдар мен автокөліктердің кіруін шектеу үшін арнайы блокбекеттер қойылады.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ведомствоның хабарлауынша, егер қар көшкіні туралы ресми ескерту жарияланса, тауға барудан толықтай бас тарту қажет. Ал ескерту болмаған күннің өзінде жолға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият бақылап, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Сонымен қатар дайындықсыз учаскелерде серуендеуден және сырғанаудан аулақ болып, қалың қар жауған жағдайда жорықты екі-үш күнге кейінге қалдырған жөн.