Ауа райына байланысты бірқатар өңірде жол қозғалысы шектелді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі ахуалы туралы мәлімет таратты.

Компания дерегінше, қолайсыз ауа райына байланысты бірнеше өңірде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген.

«Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 1013–1062-шақырым аралығында, яғни Абай облысының шекарасынан «Рубеж» бекетіне дейінгі учаскеде барлық көлік түрінің қозғалысы тоқтатылды.

Келесі жол учаскелерінде барлық көлік түріне шектеу қойылды:

  • «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Зайсанды айналып өту жолымен – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» автожолының 910–1002-шақырым аралығы (Қалбатау – Көкпекті);

  • «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 971–1013-шақырым аралығы (Қалбатау – Шығыс Қазақстан облысының шекарасы).

«Үшарал – Достық» автожолының 84–164-шақырым аралығында, Көктұма станциясынан Достық станциясына дейінгі бөлікте көлік қозғалысы шектелді.

«Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай» автожолының 418–539-шақырым аралығында (Қостанай қаласы – Қарабалық кенті) жолаушылар рейстік автобустары мен дизельді қозғалтқышы бар автокөліктердің қозғалысына уақытша тыйым салынды.

Сондай-ақ тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Бұл шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскеде қыс мезгілі аяқталғанға дейін сақталады.

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы жабылды. Қалқаман кентіне кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол уақытша қолжетімсіз.