Алматы халықаралық әуежайы Орталық Азияда алғаш рет әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеуге арналған арнайы алаң пайдалануға берілгенін хабарлап отыр.
Әуежайдың мәліметінше, жаңа алаң ұшақтарды қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған күйде өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл ұшуға дайындық уақытын едәуір қысқартып, қысқы маусымда әуежай жұмысының тиімдігін арттырады.
Мұздануға қарсы өңдеуді перрондардан арнайы алаңға көшіру әуе кемелерінің тұрақ орындарындағы жүктемені азайтып, әуежайдың жалпы өткізу қабілетін ұлғайтады. Сонымен қатар заманауи сұйықтық жинау жүйесі пайдаланылған химиялық заттардың қоршаған ортаға таралуына жол бермей, қысқы операцияларды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз етеді.
Қазіргі таңда мұздануға қарсы өңдеу алаңының бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаның құрылысы толықтай келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.
