Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары, әріптестері және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.
Министр өз сөзінде Ұлдана Мырзуанның қысқа ғұмырында кәсіби адалдығымен, жауапкершілігімен ерекшеленгенін атап өтті.
Ұлдана Қалдарханқызы 2017–2021 жылдары Астанадағы «Даналық» колледжінде емдеу ісі мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады. Оқу бітіргеннен кейін төрт жыл бойы өмірінің соңына дейін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етті. Жас болса да, шұғыл жағдайларда өздігінен шешім қабылдай алатын, кәсіби білікті маманға айналды, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар министр Ұлдана Мырзуанның есімі отандық медицина тарихында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы қызына көрсетіліп жатқан құрмет үшін денсаулық сақтау министрлігіне және медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.
Еске алу шарасы барысында жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері ескерткіш тақта алдына гүл қойды. Бұдан кейін мекеме ғимаратында жайылған дастархан басында Астана қаласындағы Шейх Кунта қажы мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ марқұмның рухына Құран бағыштады.
Еске салайық, қызметтік міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қаза болған болатын.
