Қазақстан ет индустриясын дамыту мен сиыр етін экспорттаудың болашағын айқындайтын маңызды кезеңге аяқ басты.
Әлемдік деңгейде ет тұтынудың артуы, сұраныс орталығының Азия елдеріне ауысуы және жаһандық бәсекелестіктің күшеюі саланың алдында нақты әрі ұзақ мерзімді стратегия қалыптастыру міндетін қойып отыр.
Осы мақсатта 2026 жылғы 14–15 ақпанда Burabay курортындағы Rixos Burabay қонақүйінде «Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: болашақтың жол картасы» тақырыбында Dala.Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумы өтеді.
Форум алдағы 10 жылға арналған етті мал шаруашылығын дамыту стратегиясын әзірлеуді көздейді. Негізгі басымдықтар қатарында экспортты ұлғайту, қайта өңдеуді дамыту, тұрақты сату модельдерін қалыптастыру және Қазақстанның өңірлік көшбасшылығын нығайту бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сиыр етіне сұраныс әсіресе Азия нарықтарында өсіп келеді. Ал ірі қара саны мен тиімді логистика болған жағдайда Қазақстан өңірлік ет орталығына айналу мүмкіндігіне ие.
Dala.Camp Forum Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шетелдерден келген 150-ге жуық делегатты – фермерлерді, бордақылау алаңдарының өкілдерін, қайта өңдеушілерді, инвесторларды, салалық сарапшыларды және халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктіреді.
Форумның серіктестері мен қатысушылары қатарында KUSTO Group, KazBeef, TERRA, «Атамекен» ҰКП, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (ДЖДҰ), Халықаралық білім беру корпорациясы, «Қазақстан Ангусы» республикалық палатасы, «Қайып Ата» және өзге де ұйымдар бар.

Спикерлер арасында ДЖДҰ Бас директорының орынбасары Монсеррат Арройо Курибрена, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев, TERRA компаниялар тобының бас директоры Ердос Тапаев, саланың өзге де беделді сарапшылары бар.
Форум бағдарламасы стратегиялық панельдік сессиялар мен практикалық басқару блоктарын қамтиды. Экспорттық стратегия, мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық модельдер, тірі мал бағасын қалыптастыру, кадр дайындау, генетика және фермерлік шаруашылықтардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар форум аясында оффтейк-келісімшарттар жүйесіне қолжетімділік ұсынылады. Қатысушылар Turan қауымдастығына мүшелікке өтіп, ірі сатып алушылармен болжамды әрі тұрақты сату шарттары негізінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.
Ет экспорты – бір реттік мақсат емес, бұл бүкіл салаға арналған ұзақ мерзімді міндет. Dala.Camp кәсіби қоғамдастықты біріктіретін алаңға айналады, – деді Dala.Camp жобасының жетекшісі Жәнібек Кенжебаев.
Форум мерекелік кешкі аспен және кәсіби нетворкиңмен аяқталады.
