Ауа райына байланысты бірнеше облыста жол жабылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет таратты.

Ұлттық компанияның хабарлауынша, 2025 жылғы 24 желтоқсанда сағат 08:00-ден бастап бірқатар автожол учаскесінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс қайта жанданды.

Ашылған жолдар

  • «Ақтөбе — Орал — РФ шекарасы» автожолының 393–526 шақырымы (Жымпиты ауылы – Ақтөбе облысының шекарасы).

  • «Ақтөбе — Орал — РФ шекарасы» автожолының 526–702 шақырымы (Батыс Қазақстан облысының шекарасы – Маржанбұлақ ауылы).

Жылдамдық шектеуі

Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты KAZ02 «Астана — Көкшетау (айналма жол) — Петропавл — РФ шекарасы» автожолының 18–232 шақырымында (Астана – Щучинск) барлық көлік түрі үшін жылдамдық 110 км/сағ-тан 80 км/сағ-қа дейін төмендетілді.

Сонымен қатар тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Бұл шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46–66 шақырымында қыс мезгілі аяқталғанша сақталады.

Жабық жолдар

Қызылорда облысында ауа райының нашарлауына байланысты 24 желтоқсан күні сағат 06:00-ден бастап:

  • «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 1522–1806 шақырымында (№99 станция – Қызылорда қаласы) барлық көлік түрінің қозғалысы уақытша шектелді. Жолды сағат 12:00-де ашу жоспарланып отыр.

  • KAZ 19-02 «Үшарал — Достық» автожолының 84–164 шақырымында (Көктұма ауылы – Достық станциясы) қозғалыс шектелген.

  • «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығы көпір арқалықтарының зақымдануына байланысты жабылды. Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша қолжетімсіз.