Оралда патриоттық форум өтіп жатыр

Орал қаласында әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына  115 жыл толуына орай  «Батыр Бауыржан: Болмыс пен Биіктік» атты патриоттық форумөтіп жатыр.

Бір ерекшелігі – форумға облыс деңгейінде өз саласында танылып жүрген Бауыржан есімді 115 адам шақырылған.

Форум «AMANAT» партиясы БҚО филиалының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар мен студенттер қатысып жатыр.

Шара барысында театрландырылған көріністер арқылы Бауыржан Момышұлының балалық шағы, отбасылық тәрбиесі, майдандағы ерлігі мен елге қалдырған өсиеті көркем түрде сахналанды. Батырдың тек жауынгер емес, қаламгер, ағартушы ретіндегі болмысы кеңінен насихатталды.

476445bdef7ba488ac87804247017243 Оралда патриоттық форум өтіп жатыр
Фото: БҚО әкімдігі

Бүгін батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай Орал қаласында үлкен патриоттық шара өткізілуде. «Болмыс пен биіктік» деген форумның аталуының өзі үлкен мән беріп отыр.

Бұл шараның басты мақсаты – батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын үлгі ретінде кеңінен насихаттау, сонымен қатар жас буынның патриоттық сезімін ояту. Келешек ұрпаққа, жастарға, қазіргі таңда барлық қазақ еліне бабамыздың ерлігі мен батыр рухын насихаттау. Бүгінгі шараға тек жастар емес, студенттер емес, барлық құқық қорғау органдары, әскерилер де қатысып отыр. Олар өздерінің балаларын ертіп келіп отыр. Сонымен қатар, форумға өңіріміздің ең атақты, белгілі Бауыржандарының бәрін жинағанбыз. Олар облысымыздың түкпір-түкпірінен, аудандарымызданкеліп қатысып отыр, — дейді “AMANAT” партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Мұрат Мұқаев.

Форумда облыс әкімі әкімі Нариман Төреғалиевқатысушыларды құттықтап, форумға арнайы шақырылған, өз саласында жетістіктерге жетіп жүрген бірқатар Бауыржан есімді қатысушынымарапаттады. Олардың қатарында кәсіпкер де, мұғалім де, ветеринар да, полиция да, мәдениет саласының қызметкері де, журналист те, дәрігер де, ІТ-маман да, тіпті республикалық олимпиада жеңімпазы болған мектеп оқушысы Бауыржан бар.

Шарада патриоттық әндер орындалып, хореографиялық қойылымдар ұсынылды.

b9a7ea626fc747e6cfc0d88e401ba6ff Оралда патриоттық форум өтіп жатыр
Фото: БҚО әкімдігі

Сонымен қатар №37 мектептің 100 оқушысы батырдың рухына тазғым етіп,

Біз ерлік пен намыстың ұрпағымыз!  Бауыржан Момышұлы – біздің мақтанышымыз,  Батырлық – қанымызда,  Тәуелсіздік – жанымызда! Біз елге адал болуға,  Ақиқатты айтуға,  Халқымызды құрметтеуге, Болашағымыз үшін еңбек етуге – Ант етеміз!, – деп қолдарын жүрек тұсына қойып, бір ауыздан салтанатты түрде ант қабылдады.