Алматыда 13 жаңа мерекелік локация ашылды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алматыда ауқымды мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Алматыда ауқымды көркемдік безендіру жұмыстары атқарылып, орталық қоғамдық кеңістіктермен қатар шалғай шағынаудандар да мерекелік кейіпке енді. Нәтижесінде мегаполистің барлық ауданында біртұтас жаңа жылдық атмосфера қалыптасты.

Қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын негізгі мерекелік локациялар қатарында Абай алаңы, Астана алаңы, Арбат жаяу жүргіншілер аймағы, Панфилов көшесі, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ, «Алматы Арена» аумағы және «Атакент» көрме кешені бар. Бұл алаңдарда концерттер, жәрмеңкелер мен отбасылық демалысқа арналған мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.

Биыл қаланың мерекелік картасы кеңейіп, 13 жаңа локация көркемдік безендіруден өтті. Олардың қатарында Сайран көлі, «Гүлдер» және Family саябақтары, Ганди мен Байсейітова скверлері, «Айнабұлақ», «Жасқанат», «Көкжиек» және «Құлагер» шағынаудандары бар. Аталған аумақтар жарық композициялары, гирляндалар мен шағын сәулет нысандарымен безендірілді.

Мерекелік безендіру жұмыстары 38 шақырым көшені, оның ішінде 12 негізгі даңғыл мен магистралды қамтыды. Алматы халықаралық әуежайынан бастап қаланың орталық бөліктеріне дейінгі бағытта жүздеген жарық кронштейндер орнатылды. Майлин көшесі, Құлжа тасжолы, Шығыс айналма жолы, әл-Фараби, Достық, Абай және Назарбаев даңғылдары ерекше сәнделді.

Қала бойынша 21 мұз айдыны, 47 көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі, 2200-ге жуық ағаш және 480 шағын сәулет нысаны безендірілді. Алматыда барлығы 74 жаңажылдық шырша орнатылды, оның 30-ы мемлекеттік, 44-і жеке меншік. Биыл мерекелік әшекейлердің бір бөлігі қайта қалпына келтіріліп, үнемді түрде пайдаланылды. Атап айтқанда, 56 шағын сәулет нысаны жаңартылып, оның ішінде төрт шырша, 45 ағаш жәрмеңке үйшігі және жеті ірі жарық инсталляциясы бар, — делінген хабарламада.

Қалалық кеңістікті көркемдеуде ертегі кейіпкерлерінің жарық мүсіндері, 2026 жылдың символикасы, сыйлықтар, бұғылар мен жаңажылдық іс-шарлар бейнесіндегі композициялар кеңінен қолданылды. Бұл нысандар қала тұрғындары мен туристер үшін танымал фотоаймақтарға айналды.

Сонымен қатар мерекелік безендіруде «Таза Қазақстан» тақырыбындағы экологиялық арт-нысандар ерекше орын алды. Олар Алматы халықаралық әуежайы мен Алматы-2 теміржол вокзалында орнатылып, жаңажылдық көңіл күйді экологиялық жауапкершілік идеясымен ұштастырады.