Батыс Қазақстан облысында 16 желтоқсан күні кешкісін болған жол-көлік апатында үш адам қаза болды. Бұл туралы БҚО ПД хабарлап отыр.
БҚО полиция департаментінің мәліметінше, апат Орал-Кирсанова тасжолында, Влодарское кентінен екі шақырым жерде болған. KIA K5 автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып, ВАЗ-2104 автокөлігімен соғысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2104 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза болды. Тағы бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Орал қаласындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді, – делінген хабарламада.
Екі көлік те арнайы тұраққа қойылды. Апат бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. KIA K5 жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
