АҚШ-тағы Браун университетіндегі атыс: өзбекстандық студент қаза болды

АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Браун университетінде болған атыс салдарынан Өзбекстан азаматы, бірінші курс студенті Мухаммадазиз Умрзаков қаза болды.

Қайғылы оқиға емтихан сессиясы кезінде орын алған.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі өз азаматының қаза болғанын растады. Ведомство мәліметінше, елдің дипломаттары марқұмның туыстарымен байланыста болып, АҚШ-тың тергеу органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.

БАҚ мәліметінше, 13 желтоқсанда Провиденс қаласындағы Браун университетінің инженерлік-физика корпусында қарулы ер адам екі адамды атып өлтіріп, тағы тоғыз адамды жаралаған. Алғашында күдікті ретінде АҚШ армиясында қызмет өткерген, снайперлік дайындықтан өткен 24 жастағы Висконсин штатының тұрғыны ұсталғаны хабарланған. Алайда кейінірек билік оны босатып, жиналған дәлелдер тергеуді басқа бағытқа бұрғанын мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп қайғылы жағдайдан толық хабардар екенін айтып, болған оқиғаны «қорқынышты трагедия» деп атады.

Бұл – өте ауыр жағдай. Қазір қолымыздан келетіні – құрбандар үшін дұға ету, – деді АҚШ президенті.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі оқиға салдарынан Қазақстан азаматтары зардап шекпегенін хабарлап отыр.