Министр жол апатынан қаза болған фельдшерге қатысты пікір айтты

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыда жол апатынан қаза болған фельдшерге қатысты пікір білдіріп, фельдшердің отбасына көңіл айтты.

Насиба Мұхтарқызының қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Насиба небәрі 23 жаста еді. Төрт ай бұрын ғана Алматы қаласының жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрған болатын. Осы қысқа уақыт ішінде ол өз міндетіне жауапты, адал, жанашыр әрі әрқашан көмектесуге дайын медицина қызметкері ретінде танылды, – деп жазды министр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда 23 жастағы фельдшер жол апатынан қаза болғанын жазғанбыз. Жол апаты 2 желтоқсанда Алматының Алатау ауданында болған. Жедел жәрдем мен Kia көлігі соқтығысқан.

Жол апатынан көліктегі адамдар жарақат алып, 23 жастағы фельдшер ауруханада қайтыс болған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, істің мән-жайы тергеліп жатыр.