Павлодар облысы әкімінің әпкесі 15 тәулікке қамалды

Павлодар облысы әкімі Асайын Байханның әпкесі Айгүл Байхан мас болып көлік айдағаны үшін ұсталып, 15 тәулікке қамалды.

Полиция қызметкерлері Павлодардағы Петренко көшесінде көлік жүргізген әйелді тоқтатқан. Полиция әйелден алкоголь иісі шыққандықтан, медициналық тексеруге жіберіп, әкімшілік хаттама толтырған.

Облыс әкімінің әпкесіне қатысты әкімшілік іс Екібастұздағы қалалық сотта қаралған. Сот айыпталушыны 15 тәулікке қамап, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырған.

Айгүл Байхан сотта айыпқа келіспеген. Ол ішімдік ішкенін мойындаған, алайда көлік айдамағанын айтып отыр. Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байхан «Барлық азамат заң алдында тең» деп отыр.

Барлық азамат заң алдында тең. Менің әпкем де барлығы сияқты бұл қағидаттан тыс емес, – деп жазды әкім Threads-парақшасына.