Қызметінен кеткен Андрей Ермак соғысқа баратынын айтты

Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак соғысқа баратынын айтты. Бұл туралы The New York Post жазып отыр.

Майданға барамын және кез келген қудалауға дайынмын. Мен адал адаммын. Менің атыма кір келтірді. 2022 жылғы 24 ақпаннан бері Киевте жұмыс істегеніме қарамастан, ар-ұжданым қорғалмады. Зеленскийге кесірім тигенін қаламаймын – майданға барам, – деген Андрей Ермак The New York Post басылымына.

Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы қашан майдан даласына аттанатынын нақты айтпаған.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский Андрей Ермак өз еркімен отставкаға кеткенін хабарлаған. Оның алдында Украинаның жемқорлыққа қарсы ведомстволары Андрей Ермактың үйін тінткен. Ол Украинада энергетика саласындағы жемқорлық дауы өршіп тұрған шақты қызметінен кетті.