Алматы жұрты билік органына арыз-шағымды қандай платформалардан жаза алады?

Алматы – қозғалысы тоқтамайтын, күндіз-түні ұйықтамайтын мәселесі де, мүмкіндігі де көп қала. Мұнда күн сайын түрлі жағдай болады: біреудің ауласында жарық өшеді, енді бірі қоғамдық көлік пен кептеліс, тәртіпсіздікке наразы. Кейінгі жылдары қарбалас қала тіршілігіндегі осындай көңіл толмайтын жайттарды билік органына онлайн әрі тез жеткізу жүйесі қалыптасты.
Енді қала тұрғындарының арыз-шағымы шенеуніктің үстелінде шаң басып жатпайды. Кез келген қала тұрғыны бірнеше минутта онлайн өтініш бере алады, кері байланыс та цифрлық платформаға көшкен. Бұл — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нәтижесі. Baribar.kz E-otinish пен Open Almaty плафтормаларын қалай қолдану керек екенін жазып отыр.

e-Otinish: кез келген мемлекеттік органға «бір терезе» арқылы өтініш

Алматы халқы ең көп қолданатын платформаның бірі – e-Otinish. Бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейтін жүйе мемлекеттік мекемелерге өтініш беруді бір терезе форматына жинаған.

е-Otinish-тің бас артықшылығы – қарапайым әрі түсінікті екені. Сайтқа кіріп, жеке кабинет ашып немесе тіркеліп, электрон қолтаңба арқылы кез келген өтінішті әп сәтте жолдауға болады. Әр мекеменің табалдырығын тоздырып, қай кабинет жауапты екенін іздеп әуре болмайсыз. Әрі қарай өтініштің тағдырын өзіңіз бақылап отырасыз. Жүйеге кірген сайын оның қай жерде тұрғанын көруге болады. Тіркелді ме, қаралып жатыр ма, әлде жауап берілді ме – бәрі көрініп тұрады. Өтініштің қаралу мерзімі – 15 жұмыс күні. Белгілі бір себеппен жауап кешігіп жатса, себебі жүйеде шығып тұрады.

Алматы тұрғындары бұл платформаны коммуналдық мәселелерден бастап, әлеуметтік, медицина, білім беру секілді бағытта жауап алу үшін қолданып жүр. Пәтерге ыстық су келмей қалса да, қызмет көрсету сапасына шағымданса да – бәрі осы жерде шешіледі.

е-Otinish арқылы кейінгі жылдары Алматы әкімдігіне келетін өтініш саны артқаны байқалады. Бұл бір жағынан платформаның танымал бола түскенін көрсетсе, екінші жағынан тұрғындардың белсенділігі артқанын дәлелдейді.

e-Otinish порталына тіркелу үшін әуелі eotinish.kz сайтына кіріп, «Кіру» батырмасын басасыз. Портал сізге тіркелудің екі жолын ұсынады: ЭЦҚ немесе мобильді базада тіркелген нөмірге келетін SMS-код арқылы. Өзіңізге ыңғайлы тәсілді таңдаған соң, жүйе жеке деректеріңізді автоматты түрде көрсетеді. Кез келген тіркелген қолданушы портал арқылы өтініш бере алады.

e-Otinish арқылы қандай мәселелер шешіледі?

Қала және ТКШ: ыстық су, қар күреу, көктайғақ, қоқыс, көше жарығы, балалар алаңының бұзылғаны, қоғамдық көлік және урбанистика мәселелері.

Байланыс: интернет жоқ екені, байланыс нашар екені, тариф қымбаттағаны, үзілістер.

Мемлекеттік қызметтер: қызметкерлер жұмысына шағым/ұсыныс, ақпарат сұрату, қабылдауға жазылу, сот актілері, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмеуі, білім мен медицинаға қатысты проблемалар.

Ерекше қажеттіктер: жәрдемақы, әлеуметтік мәртебе, кәсіпкерлік не білім беру сұрақтары, құқық бұзылғаны, зейнетақы/төлемдер, шәкіртақы, еңбекақы мәселелері.

Жер, бизнес, салық: құрылыс, жер қатынастары, салық және кеден сұрақтары, кәсіпкерлікке қатысты мәселелер.

Open Almaty – қала өмірін жақсартуға арналған алаң

e-Otinish Қазақстан халқы үшін ортақ платформа болса, Алматы жұрты үшін арнайы құрылған тағы бір маңызды платформа бар. Бұл – Open Almaty. Платформа әкімдік пен тұрғындар арасындағы «тікелей көпір» іспетті. Мұнда қала өміріне тікелей әсер ететін мәселелер жиналады.

Подъезд алдындағы қоқыс контейнері толып қалса, кешке көше жарығы жанбаса, қоғамдық көлік кестесі өзгеріп кеткеніне наразы болсаңыз, Open Almaty осы мәселені шешуге көмектеседі. Платформаға тіркеліп, проблеманың нақты орнын көрсетсеңіз, әрі қарай жауапты басқарма іске кіріседі. Мәселенің шешілу уақыты да көрсетіледі.

2025 жылғы қазан айында Open Almaty-ға жалпы 18 356 өтініш түскен. Оның 62,4%-ы, яғни11 448 өтініш әлеуметтік желілер арқылы жолданған. Call-орталыққа 6 535 өтініш (35,6%) түскен. Портал арқылы келген өтініштердің үлесі төмен, барлық өтініштің 1%-ы немесе 181 өтініш қана. Сонымен қатар 120 өтініш мобайл қолданба арқылы, ал 72 өтініш фронт-офиске тікелей барғандардан түскен.

Алматы 2025 жылғы қазан айында ең көп өтініш жолдаған аудан Бостандық ауданы (17,7%) болды. Одан кейін Медеу ауданы (15,6%), Әуезов ауданы (14,3%), Түрксіб ауданы (13%) және Алатау (11,3%) мен Алмалы аудандары (11,4%) келеді. Арыз-шағым жазуы бәсең аудан — Жетісу ауданы (7,6%). Бұл тұрғындар қалалық инфрақұрылым мен қызмет сапасына қатысы мәселелерді қаншалық белсенді көтеретінін көрсетеді.

Өтініштердің мазмұнына тоқталсақ, қала тұрғындарын ең көп толғандырған мәселе – анықтама, ақпарат (45,3%). Бұдан бөлек, көлік және автомобиль жолдары (18,5%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері (9,7%) жиі көтерілген. Абаттандыру (9,7%), құқықтық тәртіп (4,3%) және жарықтандыруға қатысты өтініштер (2,5%) де бар. Бұл қала өміріндегі өзекті бағыттарды анықтауға көмектеседі.

Жаңа жүйе тұрғындардың өмірін қалай өзгертті?

Бұрын халық арыз-шағым жазу үшін әкімдікке барып, кезекке тұрып, кабинет аралап, өтініш қалдырған соң «Жауап бола ма, жоқ па?» деп күмәнданып жүретін. Ал қазір бұл процесс жаңа деңгейге көтерілді. Бұл тұрғындардың билікке деген сенімін арттырды. Енді тұрғындар «Менің сөзім билікке тікелей жетеді» дегенді сезіне бастады.

Цифрлық платформалар тұрғындарға «билікке жететін дауыс» берді, ал сол дауыстың естілуі әр тұрғынның қаншалық белсенді екеніне байланысты болып отыр.