Ақмола облысында сот жол апатына себепші болған жүргізушіге үкім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ерейментау аудандық соты жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда жолаушының денсаулығына ауыр зиян келтірген Б.-ға қатысты істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінде жүргізуші Екібастұздан Астанаға жолаушылар тасымалдап келе жатып, алда қозғалған автокөлікке соқтығысқан. Апат салдарынан артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы ауыр жарақат алып, оның оң аяғы ампутацияланды. Сараптама Б.-ның шаршаңқы күйде көлік жүргізгенін, жылдамдықты асырғанын, арақашықтықты сақтамағанын және қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдағанын анықтады, — делінген хабарламада.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші де оны бас бостандығынан айырмауды сұрап, шектеу жазасын тағайындауды қолдады.
Сот оның оң мінездемесін, бұрын сотталмағанын, кінәні мойындап, өкінгенін және жәбірленушінің пікірін ескеріп, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленді және бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам материалдық шығын, моральдық өтемақы және өкілдің қызметіне төленген шығындар өндірілді, — делінген хабарламада.
