Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназардың айтуына қарағанда, жедел респираторлық-вирустық инфекцияға (ЖРВИ) шалдыққандардың 66%-ы — 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы, кейінгі аптада республикада 6 мыңнан астам оқушы ЖРВИ жұқтырған. Терапевт дәрігер Саяжан Ғайнуллақызы Baribar.kz тілшісіне үлкен-кіші демейтін тұмаумен қалай күресу керек екенін айтып берді.

«ЖРВИ жұқтырған бала алғашқы үш күн қатты ауырады»

Саяжан Ғайнуллақызының айтуына қарағанда, қазір (күз бен қыс мезгілдері) — заңды түрде иммунитет әлсіреп, осындай жұқпалы аурулардың өршитін кезеңі. Сол үшін де бұл тұмау үлкен-кіші демейді. Ересек адамда ауыру әртүрлі формада өтуі мүмкін. Ал ЖРВИ жұқтырған бала алғашқы үш күн қатты ауырады. Содан соң жағдайы оңалуы мүмкін.

Қазіргі вирусты жұқтырған адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріледі, құсып, іші өтуі мүмкін. Мұрнынан су ағып, басы ауырады. Әсіресе балалар ауырса, тамаққа тәбеті, ойынға зауқы болмай, шаршаңқы жүреді, — дейді дәрігер.

Баланы қалай емдейміз?

  1. Көп жылы су ішкізу керек. Балаға су мөлшерін салмағына қарай жеке-жеке есептейді, ал ересек адам күніне екі-үш литр су ішуі керек. Жай су немесе тосап, бал қосылған шай болса да, әйтеуір сұйықты көбірек ішкені дұрыс.
  2. Таза ауада серуендеу, бойды сергітіп тұру қажет.
  3. Үйдің терезесін ашып, ауаны тазартып тұрған абзал.
  4. Еденді жиі жуып, науқас бар бөлмені залалсыздандырып тұрған дұрыс.
  5. Ұйқы және тамақтану режимін сақтау керек.
Саяжан Ғайнуллақызы, дәрігер
Фото: Саяжан Ғайнуллақызы

Баланы дәрігерге қай кезде апару керек?

Саяжан Ғайнуллақызының айтуынша, бес жасқа дейінгі бала тұмаудың ауыр түрін жұқтырса да, жеңіл түрін жұқтырса да оны дәрігерге тұрақты қарату керек.

ЖРВИ-ді ауыр өткеруі мүмкін топқа аяғы ауыр әйелден, созылмалы ауруы барлардың есебінде тұрған адамнан бұрын ең алдымен осы бес жасқа дейінгі балаларды жатқызамыз. Өйткені кішкентай бала бүгін вирус жұқтырып келсе, ертең тұмау болып, одан кейінгі күні бронхит не пневмонияға жалғасып кетуі мүмкін. Айтпағым, балаларда бұл процесс тезірек жүреді, — дейді терапевт.

Дәрігер созылмалы ауруы бар ересек адамға да, аяғы ауыр әйелге де сақ болуды ұсынады.

Созылмалы ауру деп жүрек-қан тамыры аурулары, қан қысымы сияқты ауруларды айтып отырмыз. Ондай адамдарға ерекше сақ болу керек. Өйткені дене қызуы жоғарылап кетсе, бұл қанды қоюлатады. Олар қан сұйылтатын, қан қысымының дәрісін уақытылы ішуі керек. Ал вирус аяғы ауыр әйелдің өзіне ғана емес, құрсағындағы сәбиге де әсер етуі мүмкін. Ол жағдайда да аса сақ болып, ауру асқынып кетуінің алдын алу керек, — дейді дәрігер.

Антибиотик ішуге бола ма?

ЖРВИ кезінде антибиотик ішуге болмайды. Бұл — вирустық инфекция. Антибиотик дегеніміз — анти бактериалды терапия, яғни, бактерияға қарсы терапия. Антибиотикті науқастың жағдайы бронхит, пневмонияға ұласып, нашарлап кетсе (тамағы қызарып, іріңдеп кетсе), тек дәрігердің нұсқауымен ішуге болады, — дейді Саяжан Ғайнуллақызы.

Халық жиі жіберетін қандай қате бар?

  • ең біріншісі, антибиотик ішу;
  • дәрігерге уақытында қаралмау;
  • баланы үйде қамап ұстау (ал негізі хәлі бірқалыпты болса, басын көтеріп жүре алса, көшеге шығару керек);
  • дене қызуы кезінде «ыстық шығарайық, терле» деп көрпешемен қымтап тастау (керісінше үстіндегі киімі жұқа болуы керек);
  • нәрестені де қабаттап киіндіру (бұл қате, өйткені олар әлі терлеп үйренбегесін, денедегі терморегуляция тері арқылы жүзеге асады).
Саяжан Ғайнуллақызы, дәрігер
Фото: Саяжан Ғайнуллақызы

⁠ЖРВИ-ден сақтану жолдары қандай?

Дәрігер ауырған баланы мектепке де, балабақшаға да апармау керек екенін айтып отыр.

Бұған ата-ана жауапты. Өйткені вирус басқа балаға жұғады. Кейде балалар вирус тасымалдаушысы болуы мүмкін. Ал жұмыс орындарында ересек адам арақашықтық сақтап, түшкіретін не жөтелетін кезде аузын беторамалмен жабуы керек. Қарапайым гигиена талаптарын, қоғамдық орын этикетін сақтасақ, жағдай ушықпайды, — дейді Саяжан Ғайнуллақызы.

ЖРВИ-мен ауырып біткен соң не істеу керек?

ЖРВИ-мен ауырып біткен адам дәрумендер кешенін ішуіне болады. Бұл ретте ең алдымен А витаминінің орнын толтыру керек. Ал табиғи жолмен иммунитетімді көтеремін десеңіз, көбірек жеміс-жидек пен көкөніс жеңіз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, — дейді терапевт.

Дәрігердің айтуынша, күнделікті қозғалатын, тамақтану мен ұйқы режимін бұзбайтын адамның иммунитеті әуелден мықты болады.