Алматы тұрғындары жарық жиі өшетініне шағымданып отыр

Не болды?

Алматыдағы Достық даңғылы бойында тұратын тұрғындар электр жарығы аптасына кемі үш рет 3-4 сағат өшіп қалады деп шағымданып отыр.

Мәлімет

Электр жарығы жиі өшетіндіктен, үйдегі тұрмыстық техника құралдары да істен шығады.

Бір ай бұрын кір жуатын мәшинем күйіп кетті. Жөндетейін десем, мамандар «бағасы 50.000 теңге болады, бірақ істейтініне кепілдік бермейміз» деді. Амалсыз жаңасын сатып алдым. Менің зейнетақым ай сайын жаңа техника сатып алатындай көп емес. Жарықты неге сөндіре беретінін сұрасақ, жөнді түсіндірмейді, — дейді тұрғын Күлән Байшаханқызы.

«Алатау жарық компаниясы» АҚ мәліметіне қарағанда, 5 қарашада осы аумаққа жарық беретін трансформатор жоспарлы жөнделген. «Алатау жарық» жарық жиі сөніп қалатыны тек компанияға байланысты емес деп отыр. Кейде оған үйдің өзіндегі электр ақаулары да себеп болуы мүмкін.