Жетісайдағы өрт: үкімет оқиғаның мән-жайын жариялады

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкімет отырысында Түркістан облысының Жетісай ауданында 12 адамның өмірін қиған қайғылы өрт туралы ақпарат берді.

Оқиға 6 қараша күні сағат 05:36-да Алғабас ауылында болған. Екі қабатты жер үй түгелдей өртке оранып, шатырының бір бөлігі құлаған.

Бозымбаевтың айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінің күштері дереу оқиға орнына жеткен. Өрт сағат 07:22-де толық сөндірілді.

Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза болды, олардың тоғызы — балалар. Үш адам жарақат алып, Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр. Тергеу жүргізіліп жатыр, өрттің себебі анықталып жатыр. Алдын ала қылмыстық құрам жоқ. ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деді вице-премьер.

Қанат Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген.

Жерлеу рәсімін ұйымдастыру, қаза болған және зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің шығу себептерін анықтау және мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша бірқатар тапсырма берілді, — деді ол.

Еске салайық, қайғылы оқиға салдарынан 12 адам – соның ішінде тоғыз бала – қаза болды.

Өртті барлау және сөндіру барысында құтқарушылар үйден ес-түссіз жатқан үш адамды тауып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Олар түрлі дәрежеде зардап шеккен.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, үкімет пен облыс басшылығына зардап шеккендерге барлық қажет көмекті көрсетуді және оқиғаны толық тергеуді тапсырды.

Жетісай ауданында жеке үйде болған жойқын өрттен кейін «өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.