Бүгін БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Чапай-Жаңақала-Сайхын бағытындағы тасжолда орын алған қайғылы жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрылды.
Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қазақстан Республикасы үкіметінің тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы Жаңақала ауданында орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты оның мән-жайын толық әрі объективті анықтауды, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет көмек көрсетуді, жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайына талдау жүргізіп, құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Комиссия құрамына облыс прокуроры, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалар басшылары, Жаңақала ауданының әкімі енгізілді.
Облыс әкімі қиын сәтті өткеріп отырған отбасылардың қайғысына ортақтасып:
Бұл — бүкіл өңіріміз үшін өте өкінішті жағдай. Ауыр қаза қаншама отбасына орны толмас қайғы әкелді. Зардап шеккендерге тиісті медициналық жәрдем беріледі, ал қаза болғандардың отбасыларына заң асында көмек көрсетіледі, — деді.
Өңір басшысы Жаңақала ауданының әкіміне қаза болған жандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыруды, сонымен бірге зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына барлық қажет медициналық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.
Еске салайық, 17 қараша күні Чапай–Жаңақала-Сайхын бағытындағы тасжолдың 50-шақырымында Toyota Camry және Volkswagen Sharan автокөліктерінің соқтығысуы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, екі көліктің бірі өртенген. Оқиға орнында сегіз адам қаза болып, төрт адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қаза болған азаматтар Жаңақала ауданының Мұқыр, Жаңақала, Қызылоба, Мәштексай ауылдарының және Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылының тұрғындары.
