Хоңкоң тұмауы Қазақстанның екі өңіріне – Абай облысы мен Алматыға жетті. Вирус жұқтырғандар саны 32 адамға жетті.
КТК арнасының мәліметінше, науқастардың дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, ұзақ уақыт түспей қойған. Дәрігерлер мұндай жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспауға кеңес береді.
Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация.
Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнұр Серікбаеваның сөзіне қарағанда, осал топтар үшін жергілікті бюджеттен 60 мың доза вакцина сатып алынған.
Қазір облыс тұрғындарының шамамен 10% тұмауға қарсы екпе алған, – деді ол.
Елімізде риновирус, парагрипп және коронавирус жұқтырғандар саны да өсіп отыр. Алматыда вирус жұқтырғандар былтырмен салыстырғанда 20% артқан. Қалада 23 мыңға жуық адам тұмаумен тіркелген, олардың жартысына жуығы – балалар.
Мамандардың айтуынша, Хоңкоң тұмауына шалдыққандардың ішінде жүкті әйелдер көп. Осыған байланысты медицина қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен.
Эпидемиологиялық маусым кезінде дәрігерлер бірнеше сақтық шараларын ұсынады:
- көпшілік орындарда бетперде кию;
- халық көп жиналатын жерлерге баруды шектеу;
- ауру белгілері байқалғанда үйде оқшаулану;
- балаларды артық жерге ертіп шықпау.
Дәрігерлер азаматтарды қауіптің алдын алып, инфекция таралуын болдырмау үшін қарапайым санитарлық талаптарды сақтауға шақырады.
