Алматының бір ауданы 2 күннен бері жарықсыз отыр

Алматының Алатау ауданында 13 қарашадан бері жарықсыз отырған шағынаудандар бар. Бұл туралы «Алатау жарық компаниясы» АҚ хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қараша күні ЖЭО-2 аймағында 110 кВ № 124А және № 101А электр желілерінің апатты ажыратылуы тіркелген. Оқиға салдарынан бірқатар ірі қосалқы станция — ПС-162А «Алғабас», ПС-169А «Ақбұлақ» және ПС-123А «АТЭЦ-2» уақытша тоқтан ажыратылды. Апаттың кесірі Алатау ауданындағы тұтынушыларға тиді.

Электр қуаты Ақбұлақ, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі, сонымен қатар Райымбек даңғылы — Момышұлы — Мөңке би көшелері арасындағы аумақта өшіп қалды.

Оқиға орнына жедел түрде апаттық-қалпына келтіру бригадалары жіберіліп, мамандар апаттың себебін анықтауға және тоқ беру жүйесін қалпына келтіруге кіріскен.