Сұйытылған мұнай газын елден шығаруға салынған тыйым тағы ұзарды

Қазақстаннан сұйытылған мұнай газын елден шығаруға салынған тыйым тағы алты айға ұзарды. Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлап отыр.

Бұл шектеу сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігі арқылы шетелге шығаруға қатысты.

Құжат бойынша, тыйым келесі жағдайларға қолданылмайды:

  • Президент бекіткен өнімді бөлу туралы келісім немесе жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін, тұрақты салық режимін қолданатын жер қойнауын пайдаланушылардың экспорты;

  • Қазақстанның халықаралық шарттарына сәйкес Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан алынған өнімді экспорттау;

  • Қазақстан аумағынан тыс жерлерде басталып, сол жерде аяқталатын транзиттік жөнелтімдер;

  • Үкімет шешімі бойынша гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілетін өнімдер.

Еске салайық, сұйытылған мұнай газын экспорттауға қойылған тыйым мерзімі 14 қарашада аяқталуға тиіс еді.