Қазақстан мен Ресей жастары өңіраралық ынтымақтастықты нығайтты

Бүгін Оралда «Қазақстан – Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы» аясында жастар-волонтерлік форумы өз жұмысын бастады.

Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Форумға Ресей Федерациясынан келген жастар делегациясы, сонымен қатар Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарынан жиналған жас көшбасшылар қатысып жатыр.

Форумның басты мақсаты – Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік пен өзара сенімді нығайту, өңірлер арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету. Сонымен қатар жастардың, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді ынтымақтастығын дамытуға бағытталған. Бұл форум тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар нақты идеялар мен жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін серіктестік кеңістігі ретінде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушылар өз салаларындағы үздік тәжірибелермен бөлісіп, жаңа бастамаларды бірлесе жоспарлау арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосуға ниет білдірді, — делінген хабарламада.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Форумның ресми ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, іскер орта мен белсенді азаматтар қатысты. Іс-шара жастар мен қоғамның белсенді мүшелерін біріктіріп, ел болашағына бағытталған жаңа көзқарастар қалыптастыруға шақыратын маңызды қоғамдық платформаға айналды.

Форум аясында екі секциялық отырыс өтті: «Жастар үшін жұмысшы мамандықтардың тартымдылығы мен үрдістері» және «Волонтерлік қызмет саласындағы тәжірибе алмасу: «Жақсы көршілік»» тақырыптарында. Онда еңбек нарығындағы үрдістер, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жолдары, экологиялық жауапкершілік пен волонтерлік мәдениетті дамытудың тиімді тәсілдері талқыланды.

Іс-шара жастар арасында белсенділікті арттырып, екі ел арасындағы достық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге үлес қосты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да