Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев пен тағы бес айыпталушыға қатысты үкім жарияланды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлап отыр.
Хасан Қасымбаевпен бірге Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров сот алдында жауап берді. Олардың барлығы қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша — адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу — айыпталған.
Сот үкімі бойынша, Хасан Қасымбаев кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілер ретінде кәсіпкер Әріпжан Тәжіев пен фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімов танылған.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Хасан Қасымбаевқа 15 жыл, ал қалған сотталушыларға тоғызжылдан 22 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
Еске салайық, Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында қамауға алынған. Оған адам ұрлау, қасақана дене жарақатын салу және бопсалау баптары бойынша айып тағылған.
