Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметі мәдени байланысты нығайтуға мүддделі

Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметі мәдени байланысты нығайтып, бір-бірінің мәдени мұрасын насихаттауға ниетті. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлап отыр.

«С5+1 дипломатиялық платформасының құрылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының үкіметі мәдени іс-қимылды нығайтуға және кеңейтуге ниетті», – делінген хабарламада.

Орталық Азия елдері мен АҚШ үкіметі бір-бірінің мәдени мұрасын насихаттау үшін осы істерді істеуге шешім қабылдаған:

  1. Мәдени мұраны сақтау және мәдени құндылықтарды қорғау мақсатында құқық қорғау, кеден және шекара қауіпсіздігі салаларында ақпарат алмасуды нығайту;
  2. Мәдени құндылықтардың заңсыз айналымының алдын алу және өнер нарығының біртұтастығын қамтамасыз ету үшін өзара толықтыратын өңірлік желілерді құру;
  3. Мәдени мұраны жалпы экономикалық мақсаттарға кіріктіру мүмкіндігін зерделеу, оның ішінде туризм секторы мен креативті индустрияға пайда әкелетін ағылшын тілінде білім беруді дамыту;
  4. Консервация, кураторлық қызмет, тіркеу, цифрландыру, шығу тегін зерттеу, көрмелерді ұйымдастыру, мәдени мұра нысандарын басқару, жойылып кету қаупі бар антиквариаттарды қорғау салаларында озық тәжірибе алмасу мақсатында институционалдық серіктестікті кеңейту және сарапшылар арасындағы алмасуларды жүзеге асыру, сондай-ақ этнология, археология, сәулет және реставрация сияқты өзара қызығушылық тудыратын басқа да салаларда ынтымақтастық орнату;
  5. Ұлттық мұражайлар кеңесінің қызметіне барлық алты елдің толыққанды қолдау көрсетіп, белсенді қатысуын қамтамасыз ету;
  6. Мұражай ісі саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және алмасуды ұйымдастыру, оның ішінде С5+1 елдерінің жетекші мұражайлары мен мәдени мекемелерінде көрмелер мен экспозициялар өткізу үшін мәдени құндылықтарды ұсыну;
  7. C5+1 елдерінің мәдени мұрасын ілгерілету, қорғау және сақтау мәселелеріне қатысты халықаралық алаңдарда ұстанымдарды мәлімдеу;
  8. Ұлттық қолөнер дәстүрлері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауды, сондай-ақ дәстүрлі мәдениетті, музыка мен биді сақтауды қамтамасыз ету
  9. Мәдени құндылықтарды қорғау және мәдени мұраны сақтау мақсатында білім беру, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, оның ішінде академиялық және зерттеу байланыстарын нығайту, сондай-ақ С5+1 елдерінің жоғарғы оқу орындары мен зерттеу орталықтары арасындағы бірлескен бастамаларды қолдау; және
  10. Әр елдің бай мәдени мұрасын дәріптейтін фестивальдер мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты қолдау.