Алатау қаласында әуе такси қызметі іске қосылады

Не болды?

Жаңа Алатау қаласында әуе такси жүйесі болады. Бұл үшін шамамен 300 млн АҚШ долларына электрлі eVTOL ұшақтары сатып алынады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Мәлімет

Бұл тігінен ұшып-қонатын ұшақтар Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility) жобасының негізі болмақ. Жоба аясында арнайы сынақ алаңын салу, Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиін енгізу жоспарланып жатыр.

Қазақстан инновациялық көлік болашағына қадам басып жатыр. Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу — смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең. Бұл шара Алатау қаласын дамытуға серпін береді, — деді премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Анықтама

Joby Aero, Inc. (АҚШ) — eVTOL авиация саласындағы әлемдік көшбасшы, сертификатталған электрлі әуе таксилерінің әзірлеушісі.

Вячеслав Ким — Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы, «Алатау қаласы» жобасының инвесторы.

Alatau Advance Air Group Ltd. — Қазақстандағы әуе мобильділігі технологияларының операторы және интеграторы.

Контекст

Елімізде жаңа қала салынады. Қонаевтың бір бөлігі Алатау қаласының құрамына өтеді.

Алатау қаласы ерекше мәртебе алады.