Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда PokStars және LuckyShark атты заңсыз онлайн-құмар ойындарын ұйымдастырған тұлғалар тобына қатысты тергеуді аяқтады.
Бұл туралы ҚМА хабарлап отыр.
Белгілі болғандай, ставкалар банк арқылы қабылданып, ойыншыларға жүйеге кіру үшін логин мен құпиясөз берілген. Қаржылық операциялар туыстары мен үшінші тұлғалардың, соның ішінде шетел азаматтарының атына рәсімделген банк карталары арқылы жүргізілген.
Жаңа ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілерде нысаналы жарнама пайдаланылған. Сот үкімімен үш адам кінәлі деп танылып, екі жыл алты айдан төрт жыл алты айға дейін бас бостандығынан айырылды. Мемлекет пайдасына 116 миллион теңге көлеміндегі заңсыз табыс пен ZEEKR маркалы автокөлік тәркіленді, — делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, заңсыз ойын бизнесін анықтау және жою бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Кейінгі екі жылда:
-
105 сотқа дейінгі тергеу тіркелген;
-
22 жасырын казино мен 65 ойын залы, 441 терминал жойылған;
-
«Кибербақылау» жүйесі арқылы 33 мыңнан астам онлайн-казино сілтемесі бұғатталған;
-
166 адам сотталған.
