Фонограммаға тыйым салатын заң мәжіліске қайтарылды

Сенат депутаттары мәдениет саласына қатысты заң жобасын мәжіліске кері қайтарды. Құжатта ауқымды мәдени-бұқаралық шараларда фонограмманы пайдалануға тыйым салу туралы талап бар.

Мәдениет вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, 200 адамнан көп көрермен жиналған концерттер ауқымды шара болып есептеледі.

Ондай жерде фонограмманы пайдалануға тыйым салынады, — деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Дегенмен, телевизиялық түсірілім және шағын алаңдарда өтетін мәдени іс-шаралар кезінде фонограмма қолдануға рұқсат етіледі.

Бүгін сенат депутаттары заң жобасына ескерту енгізіп, фонограммаға қатысты жаңа талапты концерт алдында фонограмма қолданылатыны туралы ескерту нормасымен сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.

Осы себепті заң жобасы мәжіліске қайта қарауға жіберілді. Құжат мәжіліс мақұлдағаннан кейін президенттің қол қоюына жолданады.