Суицидтік мінез-құлқы байқалған баланы қалай қолдау керек?

Бұл сұраққа клиникалық балалар психологы Әсем Ілесбай жауап берді.

Қоғам көбіне бұл тақырыпты табу деп, «мұндайды айтпаған дұрыс» деп, балалардың эмоциялық әлемін елемеуге бейім. Бұл үнсіздік жағдайды жеңілдетпейді, керісінше тереңдетеді.

Бұл тақырыпты жоққа шығарып ығыстырмау керек. Керісінше, балаларға эмоциялық процестерін өткеруіне көмектесуі қажет, – дейді психолог Әсем Ілесбай.

Эмоциялық процестерді түсіну – суицидті болдырмау жұмысының негізі. Бала ішкі толқуын айтып үйренбесе, сезімін іште сақтай береді. Соның салдарынан эмоциялық қысым күшейеді де, бала шығатын жолды көрмей қалады.

Сондықтан маман мектеп пен қоғамдық орында баланың эмоциялық жай-күйін реттеуге арналған қауіпсіз кеңістік жасау маңызды екенін айтты.

Мектепте балалар эмоциялық толқу кезінде келіп тыныштала алатындай бұрыш болса деймін. Ол жерде сурет салып, театр қойылымына қатысып, ішкі сезімін сыртқа шығара алса, бұл үлкен көмек болар еді. Ол тек тапсырмамен салатын сурет емес, объектіні бала өзі қалай көретінін шығара алатындай еркін, қауіпсіз кеңістіктегі тынышталу процесі болса екен, — дейді психолог.

Маманның айтуынша, эмоциялық интеллектіні дамыту – жай ғана психологиялық әдіс емес, өмірді сақтайтын маңызды қадам. Бала өзінің сезімін тануды, оны қабылдауды және қауіпсіз жолмен шығаруды үйренуге тиіс.

Бала ересектің әр сөзін тура қабылдауы мүмкін. Ешқандай зілмен айтылмаған «өле қал, адам болмайсың» деген сөздің өзі олардың бейсанадағы әлсіз психикасына салмақ түсіреді. Ересектер сияқты «бұл оның жай ашумен айтқан сөзі ғой» деп қабылдамайды. Оны шындық деп білуі мүмкін. Әсіресе, ақпарат заманында бұндай нәзік мәселелерге өте абай болу керек, — дейді психолог.

***

Тағы оқыңыз:

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың себебі қандай?