Қазақстан ғылымы кейінгі жылдары жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық аренада мойындалған ірі жобалармен ерекшеленді. Солардың кейбіріне шолу жасайық.
Селен өндірудегі бірегей технология
Балқашта техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің жетекшілігімен Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдар тобы селенді тазартудың жаңа әдісін әзірлеп шықты. Олар осы технология арқылы тазарған селеннің алғашқы партиясын өндірді.

Бұл – Қазақстан үшін сирек кездесетін жоғары технологиялық жетістік. Тазарған селен күн батареялары, көшіру аппараттары, әйнек, керамика өндірісінде, медицина мен химия өнеркәсібінде қолданылады.
Обырға қарсы препарат – DVC
Биолог-профессор Дос Сарбасов бастаған Nazarbayev University ғалымдары DVC деген қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. Препарат құрамында «С» витаминінің дозасы жоғары және онда төмен концентрациядағы мышьяк бар. DVC глюкозаны сіңіретін ісік клеткаларына әсер етеді.

Обырға қарсы бұл препарат пациенттерге оң әсермен клиникалық сынақтардың екі бастапқы кезеңінен сәтті өтті. Бұл жоба Қазақстанның биомедицина саласында әлемдік деңгейде танылуына жол ашты.
Донардың жүрегін сақтап, тасымалдайтын әзірлеме
Академик Юрий Пя бастаған UMC жүрек орталығының зерттеуші дәрігерлер тобы ALEM қондырғы жүйесін ұсынды. Бұл – донорлық жүректі сақтауға және тасымалдауға арналған әзірлеме. ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысы — донорлық органдардың тіршілікке қаншалық қабілетті екенін 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық жүйе. Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды. Өйткені трансплантология саласындағы бас міндеттердің бірі — органдарды уақтылы жеткізу.

Дәстүрлі әдіспен орган небәрі 4–6 сағат сақталса, ALEM технологиясы ағзадағы жағдайларға барынша жақын ортаны жасайды: температураны тұрақты ұстап тұрады, қанды оттегімен қанықтырады және өмір үшін маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылайды.
