Олжас Бектенов: Қазақстанда биыл 1,5 мың шетел азаматы ем қабылдады

Биыл жылдың басынан бері еліміздің медициналық мекемелерінде 1,5 мыңға жуық шетел азаматы ем алды. Бұл туралы мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеп отыр.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда емделу үшін цифрлық виза (E-Visa) алу мүмкіндігі 48 елдің азаматтарына қолжетімді.

Медициналық туризм жылдан жылға дамып келеді. 2025 жылдың ағымдағы кезеңінде республикалық медициналық мекемелерде 1 500-ге жуық шетелдік азамат ем алған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 468 адам болды, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар биыл 13–14 қазанда Астанада «Қазақстан денсаулығы: инновация, қолжетімділік, глобализация» атты халықаралық конференция мен көрме өткен. Іс-шараға 30 елдің 500-ден астам өкілі мен 13 елдің сатып алушылары қатысқан. Көрмеде медициналық, фармацевтикалық және туристік салалардағы заманауи технологиялар мен экспорттық әлеует таныстырылды.

Бұдан бөлек, 13–17 қазан аралығында Өзбекстанда Қазақстан медицинасы күндері өтіп, екі елдің жетекші дәрігерлері Бұхара, Самарқанд, Нөкіс және Ферғана қалаларында тәжірибе алмасты. Қазіргі уақытта медициналық туризмді дамытуға арналған заң жобасы мәжілісте қаралып жатыр. Құжат медициналық қызмет көрсету саясаты мен тәртібін нақтылайтын нормаларды қамтиды.