«Жұмысы ауыр мамандық». Қазақстанда неге учаскелік дәрігер тапшы?

Жалпы практика дәрігері сәбилерден бастап, диспансерлік есептегі, түрлі созылмалы ауруы бар пациенттерді, аяғы ауыр әйелдер мен учаскедегі барлық тіркелушіні тексеріп, ем тағайындап, онкологиялық, туберкулез қызметтерін атқарып, бюрократиялық жұмыстарды орындайды, ақпараттық жүйелерге мәлімет енгізіп, өңдейді. Пациенттің шақыруымен үйіне барып, қызмет көрсету сияқты жауапкершілігі жоғары жұмыстарды  да үйлестіруге жауапты.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды мәселенің бірі – дәрігер, әсіресе учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) және орта медициналық персонал жетіспейтіні. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың 2025 жылғы қазан айындағы мәлімдемесіне сай, қазір елде төрт мыңға жуық кадр тапшы. Мамандар дисбалансы әсіресе терапевт, педиатр мен акушер-гинеколог қатарында көбірек сезіледі.

Бұл мәселенің себебі – мамандықтың ауыр жүктемесі мен соған сай емес жалақысы. Семей қаласы ММ «Орталық қаралу емханасының» МСАК меңгерушісі Гүлзат Қопанованың пікірінше, учаскелік дәрігерлердің жұмысы «өте ауыр». Жыл сайын олардың жұмыс көлемі артып, жалақысы өзгермей келеді.

Қазіргі уақытта жалпы практика дәрігерлері орта есеппен 250 мың теңге алады. Еңбек стажы мен категориясына байланысты жалақы бұдан да төмен болуы мүмкін. Алайда оларға артылып отқан жүктеме денсаулық сақтау саласындағы басқа мамандардікінен әлдеқайда көп. Сол себепті мамандар бұл жұмыстан алыстап, көбіне бейінді салаларға баруға ұмтылады, — дейді емхана меңгерушісі Гүлзат Қопанова.

Кадр тапшылығының салдарынан, учаскелік дәрігерлердің жұмыс тиімділігі төмендеп, науқастардың дәрігерге жазылуы қиындайды. Сол себепті ауруды болдырмау, емдеу шараларының сапасы азаяды.

Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстарында, әсіресе ауылды жерлерде дәрігер мамандардың болуы қажет санның 75%-на әрең жетеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да