Балалы болуды алдын ала жоспарлайтын әйелдер бар. Бұл — өте дұрыс шешім. Қазір экстрагенитальды аурулар (жүктілік кезіндегі инфекциялар, жүрек ақаулары, гипертониялық ауру, бүйрек аурулары, қант диабеті), жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар көп. Солардан сақтану үшін әйел бірінші акушер-гинекологқа келіп, қаралуы керек. Олар оны отбасын жоспарлау кабинетіне жібереді. Біз оны тексеріп, жасырын жыныстық инфекцияларға, тағы да басқа ауруларға анализ тапсыртамыз. Табылса, емделеді. Бұл жүктіліктің жайлы өтуі үшін қажет. Себебі барлығына дені сау анадан туған дені сау бала керек. Сол үшін де ерлі-зайыптылар жүктілікті алдын ала жоспарлап, екеуі де түрлі тексерістерден өткені жөн.

Акушер-гинеколог Мұстапаева Әсел Елшібайқызы
Әсел Елшібайқызы сұхбат беру кезінде ©Айгүл Хожантаева

Біздің әйелдерге кеңес беру орталығында барлық жүкті әйелдерге тегін дәрістер өтеді. Біреуі жүктілік кезіндегі тамақтану, екіншісі — бала емізу, үшіншісі — жаңа туған нәрестенің күтімі, төртіншісі —  босану және соңғысы — жоспарсыз жүктіліктен қорғану жолдары.

Босану туралы дәрісте әйелдерге бұл процестің қалай өтетінін толығымен түсіндіріп, видеоларын көрсетеміз.

Ел арасында «әйелге өзінің қалай босанып жатқанын көруге болмайды» деген сенім бар. Бұл — аңыз. Себебі әйел босануда өте белсенді болуы керек. Бұл аңыз қайдан шыққан? Көптеген қыз-келіншектер босанудың физиологиялық тұрғыда қалай жүретінін білмейді. Сөйтіп өзінің айы-күні жеткенде шошынып қалады. Мұндай жағдай болмауы үшін аналар қыздарына алдын ала осының бәрін айтып, түсіндіруі керек. Ең бірінші жеке бастың тазалығынан бастап, жыныстық өмір, ана болу туралы айтуы керек. Бұл — ұялатын тақырып емес. Ол — әйелдің табиғаты.

Босану — патология емес, физиология. Сол себепті де біз оның бәрін орталыққа келген әйедерге көрсетеміз. Босану кезінде не істеу керек, не істемеу керек, қалыпты физиологиялық ауысынулар мен патологияның қандай болатынын түсіндіреміз. Себебі ол екеуінің арасы өте жіңішке. Оны сақтау керек. Жүкті әйел осының бәрін білуі керек. Егер білмесе, босануға дайын емес деген сөз. Дайын емес әйел босанған кезде небір ақылға сыйымсыз реакция береді. Бұл босанғалы жатқан әйелмен бірге серік болып кіретін адамға да қатысты.

Босануға серік болуға көп еркектің психологиясы дайын емес

Жүкті әйелмен бірге серік болып кіру үшін психологиялық дайындық керек. Біз серік болатын адамның да босануға қатысты дәрістерге қатысқанын құп көреміз. Серік ретінде әйелдің кез келген жақыны, сенетін адамы кіре алады. Ол енесі, анасы, күйеуі, құрбысы, әпкесі немесе сіңлісі болуы мүмкін. Басты функциясы — босанғалы жатқан әйелге қолдау көрсету. Ол акушер-гинекологтарға кедергі келтірмеуі керек. Қазір серік ретінде көп жағдайда күйеулері кіреді. Бірақ бұл жерде әйел күйеуін қыстамауы керек. Себебі босану — өте күрделі процесс және оған көптеген еркектердің психологиясы дайын емес. Кейбіреулері, тіпті, қорқады, стресс алады.

Акушер-гинеколог Мұстапаева Әсел Елшібайқызы
УЗИ-ге түсіру ©Айгүл Хожантаева

Егер серік босану процесіне дайын болмаса, бәрін қиындатып жібереді. Көп жағдайда аналар өте көп шу шығарады. Себебі оларға қыздарының қиналғанын көру оңай емес. Толғақ ұзаққа созылса, бір нәрсе дұрыс болмай жатқан сияқты көрінеді. Сөйтіп дәрігерлерге «дұрыс істемедіңдер!» деп ұрсып, кедергі келтіреді. Ал шынында босану процесі әр әйелде әртүрлі жүреді. Егер ол бірінші рет босанып жатса, толғақ жатырдың мойыны толық ашылғанша созылуы мүмкін. Ол кейде 10 сағатқа дейін созылады. Сол себепті серік соның бәрін біліп, босанғалы жатқан әйелге тек жақсы нәрселер айтып, қолдауы керек.

Біздің орталыққа көп жағдайда балалы болуғы мүлдем тыйым салынған, бірақ ана болғысы келетін әйелдер келеді. Олар сол бақытты сезіну үшін өмірі мен денсаулығын құрбан етуге де бар. Қазір осындай 68 әйел бар. Оларды наркодиспансерден, психдиспансерден, кардиологиялық орталықтардан жолдамамен жібереді. Біздің орталыққа 24 мың әйел қаралады. Оның 12 мыңы бала көтеруге қабілетті, 500-нің аяғы ауыр.

Бізде олардан бөлек балалы болуға уақытша тыйым салынған әйелдер де келеді. Олар босанғанына екі жыл толмай жүкті болып қалған әйелдер. Негізі, әйелге босанған соң екі-үш жыл демалып, ағзасын толық қалпына келтіру керек. Себебі ол баласын тоғыз ай бойы көтеріп, барлық денсаулығын баласына береді. Босанған соң аз дегенде бір жыл бойы оны емізеді. Бойындағы барлық микроэлементтері мен дәрумендерін береді. Бұл ағзаға салмақ салады. Осы аралық интергенетикалық интервал деп аталады. Бұл кезде жүктіліктен қорғанған дұрыс.

Жүктіліктен қорғану жолдары

Әйелдің табиғаты барлығын алдын ала жоспарлап қоюға үйренген. Олар қай жасында тұрмысқа шығатынын, қанша балалы болатынына дейін ойлап қояды. Бірақ ешбір әйел аборт жасатамын деп ойламайды. Ешкім денсаулығында ақау болатынын жоспарламайды. Бәріміз тек жақсы нәрсені ойлап, соған қол жеткізуге тырысамыз. Ал бір нәрсе дұрыс болмай қалса, оған не дәрігерді, не күйеуін, не ата-анасын кінәлап жатады. Негізі оның алдын алуға болатын еді. Соны түсіндіру үшін де осындай отбасын жоспарлау кабинеттері құрылған. Кез келген әйел бізге келіп, жағдайын айтып, жүктіліктен қорғануға кеңес алуына болады. Біз оған қажетті ақпараттың бәрін айтып береміз. Жолдарын көрсетеміз.

Акушер-гинеколог Мұстапаева Әсел Елшібайқызы
Әсел Елшібайқызының қабылдау бөлімі ©Айгүл Хожантаева

Қазір жүктіліктен қорғанудың бірнеше жолы бар. Бағалары да әрқилы. 500 теңгеден бастап 50 мың теңгеге дейін барады. Одан қымбаттары да шығып жатыр. Бірақ оның бәрін дәрігермен кеңесе отырып, пайдалану керек. Дәрігер әйелді тексеріп, дәл соның жағдайына, ағзасына келетін түрін таңдап береді. Артықшылықтары мен кемшіліктерін айтады.

Жатыр ішілік контрацептивалар

Жатырға салынатын контрацептиваларды халық «спираль салғызу» деп атайды. Ол — өте тиімді, қауіпсіз тәсіл. Жүктіліктен 100% қорғайды. Оны көп жағдайда 5 жылға салғызады. Егер ешқандай ыңғайсыздық туғызбаса, әйел оны сезбейді де. Ал салғызған соң, менструациялық цикл ауырсынумен өтсе, менстурациялық циклдер арасында қан кетсе, жыныстық қатынас кезінде ауырсынса, қызу көтерілсе, спиральді бірден алдыртып тастау керек. Оны жатыр мойны эрозиясы, кіші жамбас мүшелерінің қабынуы кезінде салдыруға болмайды.

Оральдық контрацептивалар

Бұлар — жүкітіліктің алдын алатын дәрілер. Кейбір әйелдер гуглға «жүктіліктен қалай қорғануға болады?» деп жазады да, бірінші шыққан ақпаратты оқып, сонда көрсетілген дәрілерді ішіп алады. Немесе дәріханаға барып, «жүктіліктен қорғайтын дәрі беріңіз» деп бергенін алып, кете береді. Сөйтіп ағзасын улайды, денсаулығын бұзады.

Тағы бір әйелдер бар, олар жүктіліктен қорғайтын дәрілердің бәрін ағзаға зиян келтіретін горманальді дәрілер деп ойлайды. «Оны ішсек, толысып кетеміз», «Балалы бола алмай қаламыз» дейді. Олай емес. Бұл дәрілерде микродозада әйелдің жыныстық гормондары бар. Олар ағазаға зиян емес. Тек овуляцияны тоқтатады да, ағзадан шығып кетеді. Нарықта түрлері өте көп. Сондықтан дәрігердің рецептісімен алған жөн. Олардың бір кемшілігі — күн сайын бір таблеткадан үздіксіз қолданып отыру керек. Тіпті ұзақ уақыт бойы үздіксіз қолданса да бүйрекке, бауырға жиналып қалмайды. Әйел балалы болу туралы шешім қабылдаған кезде, дәрі қабылдауды тоқтатып, жүкті бола алады.

Қарсы көрсеткіштері: қанның түрлі аурулары, варикоз, бүйрек, бауыр, жүрек ауруларының декомпенсирлі түрінде ішуге болмайды.

Акушер-гинеколог Мұстапаева Әсел Елшібайқызы
©Айгүл Хожантаева

Спермицидтер

Бұлар да — дәрілік заттар. Оларды жыныстық қатынас алдында 10-15 минут бұрын қолдану керек. Тиімділігі 80%-ке жуық. Ешқандай қарсы көрсеткіші жоқ. Кемшілігі — жайсыздық тудыруы мүмкін.

Презервативтер

Жастар арасында бұл әдіс кеңінен қолданылады. Мұның басқа әдістерден артықшылығы — жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан қорғайды. Бұл тәсілдерді білмеген, сақтанбаған әйелдер аборт жасатуға келеді.

Аборт

Аборт — жүктілікті мәжбүрлі түрде тоқтату. Оның жолдары өте көп: медициналық, вакуумды, медикаментозды түсік. Соңғысы салыстырмалы түрде қауіпсіз. Өкінішке орай, оған жүгінетіндер саны көп.

Статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір үшінші әйел аборт жасатады. Негізгі себебі — балалы болғысы келмеу, жоспарсыз жүктілік, материалдық жағдайдың жұтаңдығы…

Білесіз бе, бірінші жүктілігін тоқтатуға келген қыз-келіншектерді көргенде жүрегің ауырады. Өте өкінішті. Өте ауыр. Бірінші жүктілікті сақтап қалуға тырысу керек. «Түсік жасатудың ең қауіпсіз тәсілі» деп айтқанымызбен, аборт ол — аборт. Ешкім барлығы жақсы өтетініне кепілдік бермейді. Ол дұрыс өтпесе, қан кету, горманалді жағдайдың бұзылуы, түрлі аурулардың пайда болуына әкеледі. Бедеу болып қалу қаупі жоғары.

Акушер-гинеколог Мұстапаева Әсел Елшібайқызы
Әсел Елшібайқызы пациент қабылдау кезінде ©Айгүл Хожантаева

Әйелдерде қандай ауру жиі кездеседі?

Кіші жамбас мүшелерінің қабынуы, жатыр миомасы, эндометриоз, бедеулік өте жиі кездеседі. Бұл неден пайда болады? Кіші жамбас мүшелерінің қабынуы, әсіресе, жастарда көп. Біз жыл бойы өзімізге қарасты мектептерге барып, жоғары сыныптың ұл-қыздарына дәріс оқимыз. Онда жыныстық тәрбие, гигиена, аборт, жүктіліктен қорғану туралы айтамыз. Бұл тақырып туралы ақпараттарды интернеттен, түрлі БАҚ-тан алуға болатынына, ақпараттың қолжетімділігіне қарамастан, өкінішке орай, жастар жыныстық өмірді өте ертең бастайды және өте белсенді өмір сүреді. Көбінің серіктері тұрақты емес. Сақтану жолдарын білмейді. Соңы жоспарсыз жүкітілік, абортпен аяқталады. Түрлі инфекцияларды жұқтырады. Бұның бәрі кіші жамбас мүшелерінің қабынуына соқтырады. Кейін балалы болғысы келгенде, жүктілігі сол себептен де ауыр жүреді.

Ал жатыр миомасы, эндометриоз сынды аурулардың неден пайда болатыны әлі толық анықталған жоқ. Дегенмен гормон балансының бұзылуынан пайда болатыны туралы болжамдар ғана бар. Аборт бұл жағдайдың бәрін қиындатып жібереді.

Акушер-гинеколог Мұстапаева Әсел Елшібайқызы
Мұстапаева Әсел Елшібайқызы ©Айгүл Хожантаева

Әйелдерге өзін жақсы көруге, күтуге, гинекологтарға жиі келіп, қаралып тұруға, денсаулықтарына мән беруге кеңес беремін. Қыздар гинекологқа келуге қорқады, бірақ дәрігер ешқашан сізге зиян келтірмейді. Жас қыздарға балалар гинекологы бар. Дәрігерден, тіпті гинекологтан қорқудың қажеті жоқ. Ол сіздің денсаулығыңызды сақтауға көмектеседі. Қателік жасамауыңыздың алдын алады.