Мемлекеттік Ту – елдің егемендігі мен бірлігінің нышаны. Қазақстан Республикасының Туы 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Тудағы көк түс бейбіт аспан мен бірлікті, күн мен қыран еркіндік пен биік рухты, ұлттық өрнек мәдениет пен дәстүр сабақтастығын білдіреді. Ал Ту көтеру жай рәсім емес, ұлт рухын оятатын маңызды сәт.
Ту көтеру дәстүрі қайдан шыққан?
Ту көтеру дәстүрі ежелден бастау алады. Қазақ хандығы дәуірінде әр рудың, жүздің және хандықтың өз туы болған. Жорыққа шығарда немесе жеңіс кезінде ту биікке көтеріліп, бұл ел намысы мен абыройының белгісі саналатын. Жау туды құлатса, ел жеңілді, ал ту биік тұрса, ел рухы сынбаған деген сенім болған. Осы дәстүр бүгінге жетіп, мемлекеттік деңгейдегі рәсімге айналды.
Қазір бұл рәсім қалай өтеді?
Қазіргі кезде Ту көтеру рәсімінің нақты тәртібі бар. Алдымен жүргізуші немесе салтанатты топ мемлекеттік әнұран орындалатынын хабарлайды. Барлық қатысушы орнынан тұрып, оң қолын жүрек тұсына қояды. Әнұран шырқалған сәтте ту баяу көтеріледі. Кейде әскери немесе салтанатты сап түзеледі.
Ту қай кезде көтеріледі және түсіріледі?
Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша, Ту мына кездерде көтеріледі:
- Мемлекеттік мерекелерде (Тәуелсіздік күні, Конституция күні және тағы басқасы);
- Ресми іс-шараларда, халықаралық кездесулер мен жарыстарда;
- Мектеп және жоғары оқу орындарындағы салтанатты жиындарда;
- Әскери бөлімдер мен мемлекеттік мекемелерде күн сайын таңертең.
Ал ұлттық аза тұту күндерінде немесе белгілі тұлға қайтыс болғанда ту жартылай түсіріледі. Бұл – қайғы мен құрметтің белгісі, қайғыны ұлт болып тең бөлу деген сөз.
