Кейінгі бес жылда мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени бірегейлікті нығайту, креативті индустрияларды дамыту және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде таныту бағытында ауқымды жұмыс жүргізді.
Бұл кезеңде Қазақстанның мәдени кеңістігі түбегейлі жаңарып, елдің Орталық Азиядағы мәдени көшбасшы ретіндегі беделі нығая түсті.
2020 жылы елдің жетекші мәдени ұйымдарына «Ұлттық» мәртебе берілді. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, М.Әуезов және Абай атындағы театрлар, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры және Ұлттық кітапхана осы атаққа ие болды. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы театр республикалық меншікке өтіп, жаңа даму кезеңін бастады.
2022 жылы Қазақстанның екі мәдени мұрасы — «Ортеке» би өнері мен «Қожанасыр туралы аңыз» — ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енді. Сол жылы «Гүлдер» ансамблі қайта құрылып, Роза Бағланова, Мұхтар Әуезов және Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойларына арналған 2,5 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
2023 жылы еліміздің мәдени саясатын жүйелеу бағытында маңызды құжат – 2023–2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасы қабылданды. Сол жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған 660 іс-шара өткізілді.
Қазақстан мәдениеті күндері кейінгі жылдары Әзербайжан, Армения, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Мысыр және Ресейде ұйымдастырылды. Қазақ өнерпаздары гала-концерттер, театр қойылымдары мен көрмелер арқылы ел мәдениетін шетел жұртшылығына кеңінен таныстырды.
2024 жыл – Қазақстанның мәдени дипломатиясы тарихындағы маңызды кезең болды. Ел алғаш рет Венеция өнер биенналесінде өз павильонын таныстырды. Сонымен қатар Париждегі Гиме музейінде және Қытайдың Тяньцзинь музейінде қазақстандық өнер көрмелері өтті.
Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылып, оның салтанатты рәсіміне Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл орталық екі ел арасындағы мәдени байланыстардың жаңа дәуірін бастады.
2025 жылы «Беташар» ұлттық рәсімі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді. Сонымен қатар Өзбекстанмен бірлескен «Кесте – сюзанне» жобасы жолданды.
Ақтау қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі беріліп, Бішкекте Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Достықтың алтын көпірі» ескерткіші ашылды. Ал Түркістанның тарихи мәртебесін айқындайтын арнайы заң қабылданды. Қазіргі таңда 275 музей мен 65 мыңнан астам экспонат қамтылған E-Museum виртуалды платформасы іске қосылған. Жасанды интеллект элементтері арқылы тарихи нысандарды сақтау және цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Министрліктің жүйелі қызметінің нәтижесінде қазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар халықаралық деңгейде ел мәдениетін дәріптеп, ұлттық өнер мен заманауи үрдістерді үйлестіре білді.
