Не болды?
22 қазан күні Алматыда «Қазақстан мектептерінің қауіпсіздігі» тақырыбына арналған пресс-конференция өтті. Іс-шара барысында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар, сонымен қатар бағдарлама авторлары, мектеп қызметкерлері және азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері талқыланды.
Мәлімет
2025 жылғы бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің дерегі бойынша, кәмелетке толмағандар арасында 139 суицид және 293 өз-өзіне қол жұмсауға тырысу әрекеттері тіркелген. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, 22% суицидтің негізгі себебі — мектептегі буллиң.
Статистика
ДСҰ-ның Еуропа аймақтық бюросы жүргізген HBSC («Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы») зерттеуінде қазақстандық жасөспірімдердің 13% (әр сегізіншісі шамасында) кибербуллиңге ұшыраған, 7% — мектептегі буллиңнің құрбаны, ал әр 13-ші жасөспірім төбелеске қатысқан деген қорытынды жасалған. Төбелеске ұлдардың 12% және қыздардың 4% қатысқан. 2018 жылдан бері тек кибербуллиң көрсеткіші бойынша өсім байқалады. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуі бойынша, елімізде 17,5% бала буллиңге ұшыраған.
ДосболLike деген не?
Биыл елімізде алғаш рет мектептегі және колледждегі буллиңмен күресуге арналған ДосболLike жобасы жұмыс істеп жатыр. Ол шетелдегі білім беру саласындағы әріптестердің және өзіміздің тәжірибемізді қатар қойып зерттеп, салыстыру нәтижесінде жасалған буллиңмен күресуге арналған жоба.
Жобаның ерекшелігі неде?
Бұл – кешенді жүйе, яғни, ата-ана, мектеп әкімшілігі, педагог, класс жетекші, психолог, мектеп қызметкерлері мен балаларды қамтиды. Ересектерге арнап семинарлар жасалды, іс-шараларды ұйымдастыру бойынша нұсқаулықтар құралып, таратылды. Жобаның ең басты мүшесі балаларға арнайы сабақтар дайындалды. Семинарда үлкен адамдар балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын, агрессор балалармен бетпе-бет келгенде қандай реакция беру керегін түсінеді.
Теория — практика
Бағдарлама жоспары бойынша мектепте 1-11-класс оқушыларына арнап бір оқу жылында төрт арнайы сабақ өтіледі. Ол жерде балалар буллиңмен теориялық тұрғыда танысып, оның алдын алуға тырысады. Әлеуметтік-эмоционалды білімі мен қабілеттерін шыңдайды. Теориялық сабақ арасындағы кезеңдерде класс жетекшілер мен психологтар теорияны практикада қолдануды үйретеді. Балалар топтық жобалар жасап, бір-бірін жақынырақ түсінуге тырысады. Бағдарлама еліміздегі тоғыз аймақтағы 50 білім беру мекемесінде сынақтан өтті. Қорытынды бойынша балалардың қоғамға ашылғаны байқалады. Олар бұрын буллиңге ұшырағаны туралы айтуға ұялса, қазір көмек сұраудан қысылмайды. Бұл қуантарлық көрсеткіш, — деді «Өркен» балалардың әл-ауқаты жөніндегі ұлттық ғылыми-практикалық институты, балалардың психологиялық әл-ауқатын зерттеу зертханасының жетекшісі Ирина Владимировна.

«Жауапкершіліктен қашпау керек»
Менің ойымша, буллиң қазіргі мектептердегі өте өзекті мәселелердің бірі. Ол әр мектепте бар. Мойындау керек. Көп жағдайда мұғалімдер мен класс жетекшілерге балалар арасындағы буллиңді анықтау қиынға соғады. Өйткені бұл баланың эмционалды жай-күйімен тығыз байланысты. Қалай болған жағдайда да мен өз қызметкерлеріме мәселеге не балалар арасындағы түсініспеушілікке «буллиң бар сияқты» қараңдар деп айтамын. Бұл әдіс — көп жағдайда жанжалдың, қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі деп сенемін, — дейді «Жәния Әубәкірова» авторлық мектебінің жетекшісі Алмас Сапарғалиев.

Мәселену шешу үшін…
Алмас Сапарғалиевтің ойынша, буллиң кез келген дамушы әлеуметтік ортаға тән құбылыс. Еліміздегі оқу жүйесі бойынша класта бір баланың басқаларды басынуы, екіншісінің өз ойын ашық жеткізуде қысылуы заңдылық. Төрт қабырғаға қамалып қана отырған балалардан мұғалім мен ата-ана мәдениеттіктің, сыйластықтың жоғарғы көрінісін талап ете алмайды. Өйткені мектептегі білім берудің өзі әр оқушыға басқалардың көзінше сын айту немесе мақтауға негізделген. Иерархия бойынша да пирамиданың ең үстінде мектеп директоры, ең астында оқушы орналасқан.
Мәселені шешу үшін Алмас екі түрлі әдіс ұсынды.
- Иерархиялық жүйені бұзып, мектеп директорын емес, оқушыны ең жоғарғы сатыға шығару. Оның пікірімен санасып, ойын білуге ұмтылу керек. Бұл ұзақмерзімге негізделген білгілі бір күш пен уақытты талап ететін жол.
- Екіншісі, қазіргі заманның дамыған технологиялық мүмкіндіктерін пайдалану. Алмас Сапарғалиевтің мектебі ЖИ қызметін қамтитын жаңа жоба дайындап жатыр. Олардың ойынша, буллиңге ұшыраған баланың әрекет ету алгоритмдерін анықтауға болады.
Балалар бақытты, бірақ буллиң әлі де жойылған жоқ
Көптеген психолог пен мұғалімнің айтуынша, ДосболLIKE — білім беру жүйесіне қажет, алайда әлі де толықтыруды қажет ететін бағдарлама. Буллиң фактісі анықталып, дәлелденгеннен кейін әрі қарай қандай әрекеттер жасалуы керек? Қайда жүгіну керек? Қай кезде іске полиция араласуы қажет, ал қай сәтте мәселені оқу орнының ішінде шешуге болады? Онсыз да білім беру, есеп тапсырумен қолы босамайтын мұғалімдер сол үшін ақы алмайтын буллиңге қатысты қосымша сабақтарды аптаның қай күні, қай уақытта өткізуі керек? Сұрақ көп, ал жауаптар нақты алгоритмдерді талап етеді.
Жақында ғана оқу-ағарту министрлігі Қазақстандағы балалардың 85%-ы бақытты деген қорытынды шығарды. Әзірше министрліктен бұл қандай зерттеу мен талдауға негізделіп жасалған қорытынды екенін нақтылап жатырмыз. Қанша жерден балаларымыз бақытты болса да, үзіліс кезінде оларды ұрып-соғады, әжетханада зорлайды, қабырғасы мен қолын сындырады. Кейде оларды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізеді. Әрине, осындай сандарды есеп беру үшін жариялайтын адамдар, бәлкім, «зорлық-зомбылық пен төбелес жоқ» дейтін басқа бір параллель әлемде өмір сүретін шығар, – дейді Just Support қорының атқарушы директоры Светлана Богатырёва.
Светлана Богатырёва басқаратын қор білім беру орындарындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны тоқтату, адамдар мен қоғамның психологиясын нығайту, қауіпсіз орта мен қолдау мәдениетін қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізеді. Қор кешенді қызмет көрсетіп, ақпараттық-білім беру бастамаларын жүзеге асырады, жүйелі өзгерістерге бағытталған адвокациялық жұмыстар атқарады.

Психологиялық қолдау орталығы да өз көмегін аямайды
Психологиялық қолдау орталығы президенттің тапсырмасы мен Алматы әкімдігінің қаулысымен 2024 жылғы 9 тамызда құрылды. Қазір жоба еліміздің 20 өңірінде жұмыс істеп жатыр. Психологиялық қолдау орталығының мақсаты: білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті бірқалыпқа жүйелеу. Міндеті: білім беру саласындағы психологиялық қызметке әдістемелік және психологиялық қолдау көрсету. Бұдан басқа да атқаратын жұмыстарымыз бар: полиция департаментімен, балалар құқығын қорғау орталықтарымен, психикалық сауықтыру, денсаулық сақтау орталықтарымен, басқармалармен де бірлесіп жұмыс істейміз. Біздің ерекшелігіміз: көмек сұрап келген балаға тек психологиялық қолдау берумен шектелмейміз, — деді Алматы қаласы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Венера Сембекқызы.
Буллиңнің бейнесі
Педагог кластағы және жалпы мектептегі атмосфераны бақылауда ұстауы керек. Егер қандай да бір түсініспеушілік белгілері байқалса, дереу әрекет ету қажет. Балалар әдетте былай дейді: «Мен оны ұрған жоқпын, байқамай итеріп қалдым», «Мен бөтелкені оның басына лақтырған жоқпын, басқа досыма лақтырдым. Ұшу бағытын дұрыс есептемегесін оның басына тиіп кетті», «Мен кластасымның дәптерін жыртқым келген жоқ. Ол оны өзіне қарай қатты тартып қалды, сөйтіп өзі жыртылып кетті!» Біраз уақыттан кейін буллерге өз билігі жеткіліксіз бола бастайды: сол кезде ол жәбірленушісінің заттарын бүлдірумен, мазақтаумен, балағаттаумен шектелмей, одан да қатыгез әдістер ойлап табады, – деп өз тәжірибесімен бөлісті педагог-психолог Юлия Нестеренкова.
Юлия Нестеренкова педагогикалық буллиң туралы да ашық айтты. Бұл тақырыпты көптеген мұғалім әлі күнге дейін айналып өтеді. Төмен баға қою, оқушыны менсінбей сөйлесу, оның әлсіз жақтары мен қателіктерін бүкіл кластың көзінше көрсету, тағы да басқа. Оның ойынша, мұғалім тарапынан болатын буллиңді де түбегейлі жою қажет, өйткені оқушы мұғалімнің мінез-құлқынан үлгі алады.
Оқушылардың қауіпсіздігі – білім беру жүйесінің бнегізгі бағыттарының бірі. Мектеп бала үшін амандық пен дамудың орны болуға тиіс. Ол тіршілік үшін күресетін жер емес. Буллиңнің алдын алуға негізделіп енгізілген бағдарлама авторлары ата-аналардан, мұғалімдер мен оқушылардан кері байланыс күтіп отыр. Олар кез келген ұсынысты қабылдап, буллиңнің барлық түрін жоюға бағытталған толықтыруларды енгізуге дайын.
