Биыл қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы құны 922,1 миллиард теңге болатын 396 мемлекеттік нысан бәсекелес ортаға берілді. Тағы 69 нысан қайта ұйымдастыру немесе тарату кезеңінде.
Мемлекеттік активтерді жекешелендіру процесі аясында ірі компаниялар да биржаға шығарылып жатыр.
Кейінгі жылдары IPO/SPO бағдарламалары арқылы «Қазмұнайгаз», KEGOC және «Эйр Астана» акциялары сатылымға шыққан. Сарапшылардың пікірінше, бұл жеке капиталды тартуға және экономикалық ашықтықты күшейтуге мүмкіндік береді.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрбай Батырбектің айтуынша, бизнесті реттеуді жеңілдету мен әкімшілік қысымды азайту – дағдарысқа қарсы саясаттың негізгі бөлігіне айналған. Оның сөзіне қарағанда, жеңілдетілген салық режимі мен тарифтерге мораторий енгізу кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.
Биылғы 30 мамырда экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия жалпы баланстық құны 3 триллион теңгеден асатын 400-ден астам компанияны оңтайландыруды мақұлдады. Бұл жұмыстар 2030 жылға дейін үш кезеңмен жүзеге асады.
