Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған кешенді стратегияны жүзеге асырып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, кейінгі жылдары азаматтық қоғамды дамыту бағытында бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгерістер енгізілді. Соның ішінде «Қоғамдық бақылау туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңдарға түзетулер қабылданды.
Қоғамдық кеңестердің рөлі айтарлықтай артты: үш жыл ішінде азаматтық сектор өкілдерінің үлесі 23%-ға өсіп, олардың қатысу деңгейі 86%-ға жетті. Ал жастардың үлесі 15% болды. Сонымен қатар квазимемлекеттік секторда алғаш рет 13 жаңа қоғамдық кеңес құрылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен грант саясаты да жаңартылды. Кейінгі бес жылда жалпы сомасы 10,3 миллиард теңге болатын 556 жоба іске асырылды. 2025 жылы тағы 1,8 миллиард теңгеге 104 грант жүзеге асырылады.
Волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында екі Жол картасы қабылданып, республика бойынша 20 өңірлік волонтерлік орталық жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 275 жоба мен 1 200-ден астам волонтерлік бастама жүзеге асырылды.
Министрлік азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы бұл шаралар мемлекеттің ашықтығын арттырып, халықпен тұрақты диалог орнатуға жол ашатынын атап өтті.
