2028 жылға дейін Жетісу облысында сегіз жаңа су қоймасы салынып, шамамен 3 мың шақырым ирригациялық канал реконструкцияланады.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.
Сала министрі Нұржан Нұржігітов Жетісу облысының тұрғындарымен кездесіп, су шаруашылығын дамытуға бағытталған жоспарлар туралы айтты.
Оның айтуынша, Ақсу, Көксу, Панфилов, Сарқан, Алакөл аудандарында және Талдықорған қаласында жалпы сегіз жаңа су қоймасын салу көзделген. Нысандар Биен, Біже, Қорғас, Үсек, Тышқан, Балықты, Жаманты және Басқан өзендері бойында орналасады. Бұдан бөлек, үш су қоймасын реконструкциялау және ұзындығы 2930 шақырым болатын каналдарды жаңарту, сонымен қатар 236,8 шақырым су арнасын автоматтандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 17 гидротехникалық нысанда кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Қазір жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық құрылысжайларды салу мен реконструкциялау, ирригация желілерін автоматтандыру жобалары суды пайдалану тиімдігін айтарлықтай арттырып, оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Вегетация кезеңінің қорытындысы көрсеткендей, аграрлық сектордың тиімділігі су ресурстарын қаншалықты сауатты және жауапкершілікпен басқаруға байланысты. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, су саласын жүйелі дамытуды да талап етеді, – деді Нұржан Нұржігітов.
