БҚО-дағы Киров су қоймасы алғаш рет жөнделіп жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы кейінгі 58 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.

Жоба аясында ұзындығы сегіз шақырымнан асатын «Көшім» каналы, ұзындығы үш шақырымнан асатын су қоймасының бөгеті, сонымен қатар Первомай, Бударин және Киров-Чижин каналдары жөнделіп жатыр, — делінген хабарламада.

Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, жалпы сыйымдылығы – 62,9 миллион текше метр. Бұл нысан – Орал-Көшім суару және суландыру жүйесінің маңызды бөлігі.