Көкшетауда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотқа жіберілді

Көкшетауда S-Group қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшыларына қатысты тергеу аяқталды.

Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.

Тергеу дерегінше, ұйымдастырушылар S-Pharmaceutical және басқа да жобалар арқылы медициналық каннабис өндірісі мен дистрибуциясына инвестиция тарту сылтауын пайдаланған. Олар салымшыларға әрбір жаңадан тартылған адам үшін салым сомасының 5%-ы көлемінде табыс уәде етіп, кемінде 100 АҚШ долларынан бастап қаржы салуды талап еткен.

Агенттіктің мәліметінше, күдіктілердің бірі бұған дейін Life Is Good және Finiko қаржы пирамидаларына қатысып, одан табыс тапқаннан кейін ұқсас схема арқылы өз жобасын құрған.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 59 азамат тартылып, олар жалпы 136 миллион теңгеден астам қаражат салған. Күдіктілер салымшылардың ақшасына елордадан екі пәтер мен автотұрақ орнын сатып алған, оларға соттың санкциясымен тыйым салынды, – делінген хабарламада.

Тергеу қорытындысы бойынша үш ұйымдастырушыға қатысты «ешқайда шықпау және тәртіп сақтау» бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды жоғары табыс уәде ететін күмәнді инвестициялық платформалар мен компанияларға ақша салмауға шақырды.