Не болды?
Мәскеудің Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейі әзірлеген «Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Мәлімет
Көрме Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында өтіп жатыр. Салтанатты рәсімге ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған Қазақстан делегациясы қатысты.
Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі, үздіксіз дипломатиялық диалогтың жемісі. Бұл ауқымды жоба Мәскеудің жетекші мәдениет алаңдарын қамтып, Қазақстанның заманауи мәдени жетістіктерінің кең палитрасын – театр мен музыкадан бастап, кино және бейнелеу өнеріне дейін ұсынады. Кейінгі 34 жылда Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі алғаш рет өтіп отыр. Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің картиналары «Крымский вал» галереясында ең соңғы рет 1991 жылдың тамызында қойылған еді. Сондықтан бүгінгі экспозицияны біз Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы жарқын оқиға әрі жаңа белес деп бағалаймыз, – деді Аида Балаева.
Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады. «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесінде XX ғасырдағы талантты шеберлердің 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындылары көпшілік назарына ұсынылған. Олар қазақ мүсін өнерінің тұтас бір буынының шығармашылық ізденістері мен көркемдік ұстанымдарын айқын көрсетеді.
10-13 қазан аралығында «Время патриотов», «Тоқта, түн!», «Дос-Мұқасан», «1941 жылдың жазы», «90+1» фильмдері мен «Алтын адам» мультфильмі көрсетіледі.
13 қазан күні Кіші театр сахнасында «Парасат майданы» спектаклі қойылады. Бұл – заманауи адамның рухани ізденістері мен ішкі әлемін суреттейтін психологиялық драма. Спектакльді Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актерлері сахналайды.
Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері қараша айында өнерпаздардың гала-концертімен қорытындыланады.
