Алматыда КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған республикалық жас дирижерлар байқауы өтіп жатыр.
Бұл туралы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы хабарлап отыр.
Музыкалық дода 8–10 қазан аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияда өтіп жатыр. Байқау мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.
Шығармашылық сайысқа 18 бен 35 жас аралығындағы жас дирижерлар қатысып жатыр. Биыл 30 үміткер өтінім беріп, олардың 23-і алғашқы кезеңге өткен. Барлық қатысушының өнерін Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрі сүйемелдейді.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі байқау қазылар алқасының төрайымы Дінзухра Тілендиева бұл шараның ерекше рухани мәнін атап өтті.
Бұл жас дирижерлар сайысы ғана емес. Бұл – әкемнің бай мұрасымен тереңірек танысып, оның шығармашылығын жас буынға жеткізудің ерекше мүмкіндігі, – деді ол.

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы елімізде ғана емес, шетелдерде де кең көлемде аталып өтіп жатыр. Ал республикалық байқаудың Алматыда өтуі – символдық мәнге ие, – деді филармония директоры Ақан Абдуалиев.
Жеңімпаздар мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасының шешімімен анықталады. Гран-при, I, II, III орын иегерлері мен арнаулы номинациялар бойынша марапаттар табысталады.
Байқау қорытындысы мен гала-концерт 10 қазан күні сағат 19:00-де Жамбыл атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның үлкен залында өтеді.
