Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлы ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын айтты.
Жасанды интеллектіні жаппай дамыту үшін білікті мамандар даярлауды қолға алдық. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 400 мыңнан астам студент арнайы білім алды. Жасанды интеллект мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашуды да жоспарлап отырмыз. Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түркі елдерінің жастарына арнайы грант бөлуге дайын, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы сала бойынша ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті.
Жуырда Астанада Alem.Ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Келесі жылы Қазақстанда өтетін ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын, – деді президент.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылған еді. Бұл министрлікті кім басқаратыны да белгілі болған.
