2026-2027 оқу жылы: Жаңа оқулықтар қоғам талқысына ұсынылды

Не болды?

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылында енетін мектеп оқулықтарының жобасы қоғам талқысына ұсынылды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. 

Мәлімет

Талқылау білім беру мазмұнын сараптау орталығының Тalqylau.bmso.kz сайтында өтіп жатыр.

Талқыға мына оқулықтар ұсынылған:
• 4-класқа арналған: «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу»;
• 7–10 кластарға арналған: «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз тілдері).

Қоғамдағы талқылау онлайн форматта өтеді. Бұл педагогтарды, ғалымдарды, әдіскерлерді және мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын Қазақстан азаматтарының  қатысуына мүмкіндік береді, — дейді министрлік.

Заңнама бойынша, оқулықтар бес сатылы сараптамадан өтеді:

  • ғылыми-педагогикалық сараптама;
  • пысықтау кезеңі;
  • пилот мектептерде апробация;
  • қоғамдағы талқылау;
  • пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.

Қазіргі бұл оқулықтар қоғамдағы талқылаумен қатар, бірнеше өңірде 34 пилот мектепте сынақтан өтіп жатыр.