Министрлік 10 топтық су құбырын әкімдіктердің иелігіне тапсырды

Су ресурстары және ирригация министрлігі топтық су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға тапсыруды бастады.

Ведомствоның мәліметінше, қазірдің өзінде 10 нысан әкімдіктердің басқаруына берілді.

Атап айтқанда, төрт құбыр — Маңғыстау облысына, төрт құбыр — Батыс Қазақстанға, қалған екеуі Ақмола мен Абай облыстарына өтті.

Қазіргі уақытта тағы 11 құбырды беру рәсімі жүргізіліп жатыр. Оның тоғызы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде қаралып жатыр. Жалпы алғанда, барлығы 41 топтық су құбырын жергілікті билікке тапсыру жоспарланған.

Министрліктің мәліметінше, бұл қадам желілерді уақытылы жөндеу мен күтіп ұстауды жүйелендіріп, апаттық жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді.

Жергілікті атқарушы органдар тарифтерді бекіту, бюджеттен қаражат бөлу, сонымен қатар инфрақұрылымды пайдалану мен жаңғырту шығындарын жергілікті және республикалық бағдарламаларға енгізу құқығына ие.