Қазақстан азаматтары енді Арменияға жеке куәлікпен бара алады. Мәжіліс азаматтардың сапарлары және елде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялады.
Құжат бойынша, Қазақстан азаматтары Армения аумағында тіркеусіз 90 күнге дейін бола алады. Бұған дейін бұл мерзім 30 күн еді. Келісім туризмді дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар екінші келісім көші-қон саласындағы ынтымақтастықты көздейді. Ол деректер мен құқықтық ақпарат алмасуды, заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен шараларды және қос азаматтықты болдырмау тетіктерін қарастырады.
Айта кетейік, бұған дейін Армения парламенті де келісімді ратификациялаған. Екі мемлекет Еуразиялық экономикалық одаққа мүше.
